Отандық өндірушілер өгейдің күнін кешіп отыр - Аманжол Әлтай

04.03.2026 21:20

Мәжіліс тиісті хаттаманы ратификациялады

Енді шетелге кеткен ата-анадан алимент өндіру жеңілдейді. Бүгін Мәжіліс тиісті хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Бауыр еті баласына алимент төлемей, шекара асқандар міндетінен құтылмайды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев төменгі палатаға тиісті құжатты алып келді. Онда ТМД елінде жүрген борышкерлерден қарызды өндіру жеңілдейтіні жазылған. Егер Қазақстан соты бұйрық шығарса, азамат жүрген ел бұл шешімді мойындап, орындауға міндетті болады. Жалпы еліміз дәл осындай жолмен 17 елде жүрген азаматтардан алимент өндіріп келеді.

«Басқа елдермен халықаралық шарттарды айтатын болсақ, Моңғолия, Қырғызстан, Литва, Қытай, Пәкістан, Түркия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Иран басқа да 17 мемлекетпен екіжақты келесім шарттымыз бар», – деді ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

«Отандық өндірушілер өгейдің күнін кешіп отыр». Отырыста мәжілісмен Аманжол Әлтай сауда желілеріндегі әділетсіздік туралы айтып ашынды. Сөзінше, қазақстандық көптеген өндірушілер ірі азық-түлік сауда желілеріне кіре алмай отыр. Ал кірген күннің өзінде өнімдері халықтың көзіне түспейтін төменгі сөрелерге қойылады.

«Қолданыстағы заңнамада сауданың барлық форматтарында отандық өнімге сөрелерде кемінде 30 пайыз орын бөлу талабы бекітілді. Сондай-ақ сауда желілерін субсидиялау арқылы үлесті 50 пайызға дейін арттыру тетігі көзделген. Алайда іс жүзінде кез келген сауда нүктесіне кірсеңіз шынайы көрсеткіш мүлдем басқаша. Қазіргі таңда қазақстандық көптеген өндірушілер ірі азық-түлік сауда желілеріне кіре алмай отыр, ал кірген күннің өзінде олардың өнімдері төменгі сөрелерге орналастырылады. Импорттық тауарлар ең көзге көрінетін тиімді орындарға қойылады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.

Бүгінгі отырыста депутаттар Бектеновтің кеңесіне оннан аса сауал жолдады. Тақырыптар сан алуан. Бірі Қазақстанның қылмыстық саясатын ізгілендіру туралы айтса, енді бірі мектептердегі тамақтандыру жүйесінің мәселелерін қозғады. Коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру кезінде туындаған қиындықтар да, ядролық медицинаны дамыту да сөз болды.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Бейбіт күннің қадірін түсіндік: Оманнан ұшқан 314 адам оңтүстік астанаға аялдады