Қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Алматыдан Оманға кеше кешкісін арнайы екі борт ұшып кеткен
«Бейбіт күннің қадірін түсіндік». Бұл – Оманнан Алматыға бағыт алған ұшақ жолаушыларының туған жерге табан тірегендегі сөзі. Әуе кемесіндегі 314 адам бүгін түстен кейін сағат 15:00-де қонды. Рейс ел астанасы Масқаттан тікелей ұшып келген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандықтарды эвакуациялау үшін Алматыдан Оманға кеше кешкісін арнайы екі борт ұшып кеткен. Масқат қаласына бет алған қос ұшақ екі рейс орындап, 467 отандасымызды елге жеткізуі тиіс. Солардың алғашқы легі 314 адам бүгін оңтүстік астанаға аялдады.
Айта кетейік, олар Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ахуал ушығып, елге қайта алмай қалғаннан кейін алдымен Оманға эвакуацияланған.
«Өміріміз қандай болады екен? Біз қалай елімізге жете алады екенбіз? Елімізді көре аламыз ба? Бойымызды үрей биледі. Аллаға шүкір, Қазақстанымызға келгеннен кейін жарқыраған өмірді көріп отырмыз. Туған жерге жететін ел жоқ», – деді жолаушы Карима Мурафиева.
Алматының халықаралық әуежайында Таяу Шығыстан жақындарын күткен жан да көп. Оман сұлтандығынан елге аман жеткен жолаушылардың жүзі қуанышты. Бір-бірімен қауышып, көзіне жас алды.
«Әрине, енді бәрі жақсы. Көңілім орнықты. Қыздарым Дубайда болған. Ойыма неше түрлі нәрсе кіріп, уайымдадым. Қазақстан ел азаматтардың амандығын басты назарға алып, талмай еңбек етті», – деді қала тұрғыны Аягөз Жақсылық.
Елге оралған отандастың бәрі елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың баға жетпес құндылық екенін айтып, дер кезінде ұйымдастырылған рейс үшін билік өкілдеріне де алғысын білдірді.
«Мемлекет басшысына, рақмет, Дубайдағы елшіліктің жігіттеріне, рақмет. Барлық жағдайды жасап, жатын, тамақ орындарымен қамтамасыз етті. Сол жерден алып шықты. Елімізге оралдық», – деді жолаушы Күлбибі Сағымбекова.
«Мемлекет басшысына, Қазақстанымызға ризамыз!. Біздерді далада қалдырмай, аман-есен елімізге жеттік. Өте қуаныштымыз!» – деді жолаушы Сәндеш Ахатова.
Еске салайық, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтанына қазақстандықтарды эвакуациялауға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның әрдайым шиеленісті бәсеңдетуді қолдайтынын және қақтығысты диалог пен дипломатия арқылы реттеу жолдарын іздеуге шақыратынын атап өтті.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Таяу Шығыс елдерінен 946 қазақстандық аман-есен елге қайтарылды