Іс-шарада бесік жыры дәстүрі көрсетіліп, үлкендер келіндерге ақ батасын берді
Атырау облысында 100 әже бесік жырын айтты. Мақат ауданындағы іс-шара отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылған. Алаңға жиналған ақ жаулықты әжелер бесіктің жай ғана баланы жатқызатын құрал емес, ұлттық құндылықтың белгісі екенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алаңға жиналған әжелер көпшілікке бесіктің құрылымын таныстырып, әр заттың өзіндік мән-маңызы мен қасиетін түсіндірді. Одан әрі бесікке салу дәстүрі көрсетілді. Шараның ең әсерлі сәтінде 100 әже бір мезетте бесік жырын орындады.
«Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа бесік аманат болып келген. Жастар баланы бөлемейді, бесікке жатып өскен баланың аяқ-қолы түзу болады, жылы жерде жатады», – деді облыс тұрғыны Гүлсім Сүлейменова.
Ақсақалдар алақан жайып, бата берді, ұмыт бола бастаған дәстүрдің әдебін түсіндірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастаманың мақсаты – әже өнегесін дәріптеу, бесік жырының мән-маңызын насихаттау, отбасылық құндылықтарды нығайту және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
«Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген жақсы сөз бар. Отбасы күнінде ұлттық болмысымызды дәріптегіміз келді. Мақат, Доссор кентіндегі мектеп, балабақшадағы ата-аналармен бірлесіп, өнегелі шараны өткізіп жатырмыз. Бұл –ұлттық болмыстың негізгі. «Әлдимен» өскен баланың бойында ұлттық код дарып, ер жеткенде болмысын ұмытпайды, елге жақсы қызмет етеді», – деді ұйымдастырушы Досжан Болатбекұлы.
Игі бастамаға Мақат пен Доссор кенттеріндегі ақ жаулықты әжелер бесік жыры арқылы ана мейірімін, ұлттық рухты және салт-дәстүрдің терең мәнін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Бұл – ұлт тәрбиесінің бастауы саналатын бесік жырының маңызын айшықтаған тағылымды шара болды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Бәкір Тәжібаев -100: ақынның қара домбырасы музейге ресми табысталды