Отбасы – ұлттың тірегі: 15 мамырда Халықаралық отбасы күні аталып өтеді

15.05.2026 09:56

Соңғы жылдары Қазақстанда отбасы институтын қолдау бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді

Аlmaty.tv

Бүгін, 15 мамырда әлемде Халықаралық отбасы күні атап өтіледі. Бұл мереке 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тарапынан бекітілген. Негізгі мақсаты – отбасы институтының қоғамдағы рөліне назар аудару және отбасы мәселелерін әлемдік деңгейде көтеру, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Отбасы – кез келген мемлекеттің негізі. Адамның тұлға болып қалыптасуы, рухани тәрбиесі мен өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруі ең алдымен отбасынан басталады. Махаббат, құрмет, сенім, жанашырлық пен жауапкершілік секілді қасиеттер де жанұяда қалыптасады.

Қазақстанда отбасы құндылықтарына басымдық беріліп отыр

Соңғы жылдары Қазақстанда отбасы институтын қолдау бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға 114 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленген.

Қазіргі таңда мұндай көмекті еліміз бойынша 876 мыңнан астам отбасы алып отыр.

Мемлекеттік қолдау аясында:

  • 629 мыңнан астам көпбалалы отбасыға жәрдемақы төленген;
  • 247 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері әлеуметтік төлеммен қамтылған.

Демография және отбасы

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20,5 миллионнан асты.

Биылғы алғашқы үш айда елде 74 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Мамандардың пікірінше, елдегі демографиялық өсімнің негізгі факторларының бірі – отбасы құндылықтарының сақталуы мен көпбалалы жанұялардың көбеюі.

Отбасы – қоғам тұрақтылығының кепілі

БҰҰ мәліметінше, отбасы – қоғамдағы ең маңызды әлеуметтік институттардың бірі.

Қазіргі таңда әлем елдері отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, балалар тәрбиесі, әлеуметтік теңдік және тұрмыстық тұрақтылық мәселелеріне көбірек назар аудара бастады.

Халықаралық ұйым өкілдері отбасының әл-ауқаты – мемлекеттің даму деңгейін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі екенін айтады.

Мерекенің маңызы

Халықаралық отбасы күні аясында әлемнің көптеген елінде түрлі мәдени-ағартушылық шаралар, қайырымдылық акциялары, жас отбасыларға арналған кездесулер мен форумдар ұйымдастырылады.

Бұл күн – тек мереке ғана емес, отбасының қоғамдағы орны мен маңызын тағы бір мәрте еске салатын маңызды дата.

Қазақ халқы үшін де отбасы әрдайым қасиетті ұғым саналған. «Отан – отбасынан басталады» деген нақылдың мәні бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Үкіметі фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады