Отбасылық зорлық-зомбылық: былтыр дағдарыс орталығын 470 жәбірленуші паналаған

Мамандар «тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын тек кешенді шаралар арқылы алуға болады» дейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Отбасындағы жанжалдан көп жағдайда әйел адамдар мен балалар зардап шегеді. Бас амандығы үшін үйін тастап қашқандар әлеуметтік орталықтардан пана тауып жатады. Ол жерде білікті мамандар тағдыр тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты көмек көрсетеді.

Almaty.tv тілшісі жақынынан жәбір көріп, барар жер, басар тауы қалмаған талай әйелге өмірге қайта бейімделуіне мүмкіндік жасап жатқан Алматыдағы орталықтардың біріне барып келді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қол ұшын созып, шынайы көмек көрсететін орындардың бірі - «Жан-сая» дағдарыс орталығы. 50 адамға арналған мекемені өткен жылы 470 жәбірленуші паналаған. Оның 169-ы әйел, қалғаны балалар. Өкініштісі отбасындағы озбырлыққа қарсы заң қатаңдаса да, бұл жерге көмек сұрап келетіндер саны азаймай тұр.

«Біріншіден, әйелдер келгенде психологиялық жағдайы өте төмен болып келеді. Үйден шықпаған, көпбалалы аналар орталыққа хабарласады. Олар жұмыс істемейді, табысы жоқ», – деді «Жан-сая» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Жазира Бейсекенова.

«Жеті баланың анасымын. Күйеуім ішетін, сосын ұрады. Бұл жерде маған заңгердің көмегі тиді. Әлеуметтік көмекті шешіп алдым. Құжаттарымды жасадым», – деді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны.

Таңдап алған жарының қатыгездігі жанына батқан нәзік жандыларға бұл жерде бірінші кезекте психологиялық көмек көрсетіледі. Себебі «отбасындағы жанжал шешілер, күйеуінің ашуы басылар» деп жүріп, әйел ауыр күйзеліске түскенін де байқамай қалады. Тіпті тұрмыстық зорлықтың соңы ауыр қазамен аяқталып жатқан жағдайлар да аз емес.

«Бірінші кезекте, әрине құқықтық және психологиялық көмек көрсетеміз. Жәрдемақыларын алуға жәрдемдесеміз. Өз-өзіне келген соң, жұмысқа тұруына жағдай жасаймыз. Дәрігерлер балалар мен аналарының жағдайын тексеріп, медициналық жағынан да қарайласамыз», – деді «Жан-сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова.

Мамандар «тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын тек кешенді шаралар арқылы алуға болады» дейді. Заң мен жазадан бөлек, мұндай жағдайға қоғамдағы немқұрайлылық та әсер ететінін ашық айтты. Сондықтан мұндай жандарға барынша қолдау білдірудің маңызды екенін жеткізді.

Асыл Махметов, Владислав Иващенко, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Сенім телефоны: Алматы мектептерінде жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелер талқыланды

Новости партнеров