ТЖМ қолайсыз ауа райында жолға шықпауға кеңес береді
Өткен түні еліміздің бірнеше өңірінде қар құрсауында қалғандар құтқарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Жетісу облысының Алакөл ауданында Көктұма станциясынан шамамен 10 км жерде ауыл арасындағы жолда жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған.
«Көлік ішінде 4 ересек адам болған. ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, жолаушыларды қауіпсіз жерге – Көктұма ауылына жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Сондай-ақ ТЖД 112 пультіне Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Оян ауылы маңында шөп тиеп келе жатқан ауыр жүк көлігі және Теректі ауданы Шөптікөл ауылы маңында жеңіл автокөліктің қар құрсауында қалып қойып шыға алмай жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында көліктер қар құрсауынан шығарылды. Жүргізушілер мен жолаушы медициналық көмекті қажет етпеді.
Ал Абай облысының Жарма ауданында республикалық маңызы бар автожолда қозғалыс шектелуіне байланысты Калбатау ауылының блок-бекетінде «Зайсан – Өскемен» бағытындағы 35 жолаушысы бар автобус қалып қойған.
«ТЖМ құтқарушылары полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірге 35 адамды, оның ішінде 5 бала, жақын маңдағы жылыту пункттеріне жеткізіп орналастырды. Медициналық көмек ешкімге қажет болмады», - делінген хабарламада.
ТЖМ қолайсыз ауа райында жолға шықпауға, алдын ала ауа райы болжамын және жол жағдайын тексеруге, алыс сапарға шығарда байланыс құралдарын дайындауға кеңес береді.
Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады