Қазақстандық ғалымдар Джек Лондонның мұражайына барды
Американың Калифорния штатының Дэвис қаласында тағылымдамадан өтіп жатқан ғалымдар ұлы жазушы Джек Лондонның мұражайына барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғалымдардың айтуынша, мұражайға барған сәттен-ақ өткен ғасырмен тылсым байланысын сезілген. Табиғаттың әдемі көрінісі, қалың орманның ішінде орналасқан жазушының үйі, қабырғада ілулі тұрған суреттері мен жазу машинасы, қойын дәптері, жұмыс үстелі жазушыны өткен өмірден қазіргі заманға алып келгендей сөйлеп тұр.
"Джек Лондон - өмірінің қиындығын, шындығын көркем шығармаларында әдемі жеткізе білген жазушы. Мұрайжайдағы оның өмір сүру кеңістігінен еңбекке жақын адам болғаны, ну орманды жерді таңдап, өз қолымен ағаш пен кактус еккені - табиғатпен тығыз байланыстағы жазушы болғанын білдіреді. Кедейлікпен күрескен, еркіндікті қалаған, еңбекті дәріптеген жазушы «Ақ азу» шығармасындағы оқиғаларды шынайы өмірден алғанын түсіндім, - "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты, PhD докторы Арайлым Нұрғабылқызы.
Ғалымның айтуынша, мұражайдың тағы бір ерекшелігі - мәдени қыры. Жазушының өмірі мен мұрасы мәдени капитал ретінде жинақталған, себебі гидтің таныстыруы сол заманғы өмірді, қоғамдық қайшылықты, тарихты әдемі түсіндірді.
"Жазушы мұхиттың толқынын таспаға түсіруді ұнатқан екен, екінші қабатта сол таспалар жинақталған сөре тұр, ал жанында тұрған тұтқаны көтергенде сол дыбысты естуге болады" - деді Арайлым Нұрғабылқызы.
Деректерге сүйенсек, жазушының музасы әрі жары Чармиан Лондонда ерекше әйел болған. Жазушымен бірге теңіз саяхаттарына шығып, шабыт берген. Бөлмедегі киімдерінен, әшекейлерінен, жиһаз, ыдыстарынан әйелдің талғамы биік болғаны байқалады.
"Мұражайдағы әр бір зат өз тарихының сырын айтып тұрғандай. Үстелі мен жазу машинасы оның тұңғиық ойларын, ескі чемоданы оның ұзақ сапарға шыққанын айтып тұр. Бұл заттардың барлығы тек мұрайжайда тұрған экспонат емес, жазушының өмірін баяндап тұрған куәгерлер сияқты көрінді,- деді ғалым.
Ғалымдар техникаға тәуелді заманда мәдени құндылығы жоғары ортада рухани азық болған жазушының шығармаларын талқылады. 40 жас өмір сүрген Джек Лондонның мұражайы - жай тарихи ғимарат емес, өткенді тану арқылы бүгінгі қоғамды түсінуге бағытталған қадам.