Отшашуды жағар алдында нені ескерген жөн

31.12.2025 18:42

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, осы кезеңде орта есеппен 13 өрт оқиғасы тіркеледі

Almaty.tv

Алматыда жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында қызыл жалынмен арпалыс көбейеді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, осы кезеңде орта есеппен 13 өрт оқиғасы тіркеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа жыл мерекесінің көркін келтіріп, көңілге қуаныш сыйлайтын элементтердің бірі – отшашулар мен бенгал шамдары. Дегенмен пиротехникалық бұйымдарды талапқа сай қолданбау ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін. Сол себепті мамандар жарылыс қауіпі бар заттарды арнайы дүкеннен ғана сатып алып, қаптамасының бүтіндігіне, жарамдылық мерзіміне мән беруге кеңес береді. Мәселен өткен жылы жарқылдақ оттан 19 адам жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Өкінішке қарай, отпен ойнап опық жегендердің 11-і  балалар болып шықты. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.

Отшашуды жағар алдында ең алдымен қауіпсіз орынды таңдау қажет. Мамандар ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр алыс болуды ескертеді. Пиротехникалық бұйым нұсқаулыққа сай мықтап орнатылуы тиіс. Ал айналадағы адамдар отшашу алаңынан 15–20 метр қашықтықта тұрғаны абзал. Сондай-ақ фейерверкті жабық ғимарат ішінде немесе қатты жел кезінде жағуға болмайды. Оған қоса тұтатқан кезде үстінен еңкейіп қарауға, қатты жел соғып тұрған жағдайда пайдалануға болмайды. Ал отшашу жанбай қалса, кемінде 10 минут оған жақындамау қажет. Сақтық – мерекелік қауіпсіздіктің басты кепілі.

 «Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 120 түсіндірме жұмысы өтіп, соның барысында бұйымдарды сақтау мен пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Халықты ақпараттандыру үшін сауда үйлерінің ЛЭД-экрандарында, көпшілік орындарда бейнероликтер көрсетілді.  Алматының барлық мектебі мен балабақшасында сынып сағаты мен сабақтар ұйымдастырылды жатыр», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Руслан Қасенов.

Елде отшашу бұйымдарына қатысты талаптар қатаң. Пиротехникалық өнімдерді рұқсатсыз сату, сондай-ақ сертификатталмаған тауарларды саудалау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабында қарастырылған. Аталған талапты бұзғандарға 25 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 100 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар отшашу рұқсат етілмеген жерлерде атылған жағдайда, бұл Кодекстің 436-бабына сәйкес бағаланады. Мұндай заңбұзушылық үшін шамамен 80 мың теңгеге жуық айыппұл көзделген.

«Егер 16 жастан кіші балалар отшашу атса, олардың әке-шешесіне 80 мыңға жуық айыппұл салынады. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл 40 мыңға көбейеді. Яғни 120 мың төлеуге міндеттеледі. Сол себепті отшашуды балалардың қолына бермей, қауіпсіз жерде ұстау қажет. Жыл сайын елде пиротехникадан жарақат алу, өрт шығу жағдайлары қайталанады. Олқылықтарды айыппұл салу арқылы азайта аламыз», – деді  ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Алматыда жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өрт оқиғаларының саны артады. Орта есеппен алғанда, бұл кезеңде 13 өрт тіркеледі. Оның 15 пайызы пиротехникалық заттарды дұрыс  қолданбаудың салдарынан туындайды. Осыған байланысты шаһарда 5 желтоқсаннан бастап төтеншеліктер тәртіп сақшыларымен бірлесіп, жедел алдын алу шараларын күшейтті. Соның аясында 70-тен астам рейд ұйымдастырылып, 500 келіден астам пиротехникалық бұйым тәркіленді. Мегополисте қауіпсіздікке бағытталған бұл кешенді шаралар 3 қаңтарға дейін жалғасады.

«Биыл желтоқсаннан қаңтарға дейін Алматы қаласы бойынша пиротехника жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Ол іс-шараның аясында Полиция департаментінің қызметкерлерімен 56 факт, құқықбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 352 пиротехникалық бұйым тәркіленді. Жалпы массасы 500 келіден жоғары», – деді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.

Бастың амандығы үшін ескертулерге құлақ түріп, ережелерді қатаң сақтау маңызды.

Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Еліміздің бірнеше өңірінде қар құрсауында қалғандар құтқарылды

Теги: отшашу