Намыс пен абыройды қорғау: бастауыш сынып мұғалімі жала жапқандарға қарсы сотта жеңіске жетті

Depositphotos
Depositphotos

Жауапкер мектеп басшылығының көзінше кешірім сұрауға және моральдық зиянды өтеуге міндеттелді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында бастауыш сынып мұғалімінің намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау, сондай-ақ моральдық зиянды өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Сотқа жүгінуге жауапкер таратқан шындыққа жанаспайтын ақпарат себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv

Даулы жағдай жауапкердің мектеп директорына жіберген дауыстық хабарламасынан басталған. Кейіннен ол мектеп ұжымының қатысуымен өткен кездесуде педагогке қатысты жала жауып, оны «үнемі ішімдікке салынады, жұмысқа спирттік ішімдіктің иісімен келеді және түстен кейін ішімдік ішуді жалғастырады» деп айыптаған.

Ұстаз өз абыройын қорғау үшін сотқа арызданып, бұл мәліметтерді өтірік деп тануды, жауапкерді оны теріске шығаруға, кешірім сұрауға және моральдық өтемақы төлеуге міндеттеуді сұрады.

Сот процесі барысында жауапкер өзі айтқан сөздердің шындыққа жанасатынын дәлелдейтін ешқандай айғақ келтіре алмады.

Сот іс материалдары мен соттық психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысын зерделей келе, педагогтің намысын қорғауға толық негіз бар екенін анықтады:

  • Ақпарат үшінші тұлғаларға таратылған;
  • Айтылған сөздер мұғалімнің абыройына нұқсан келтірген;
  • Таратылған мәліметтер шындыққа мүлдем сәйкес келмейді.

Сот жауапкерді мектеп директоры мен директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының көзінше мұғалімнен ресми түрде кешірім сұрау арқылы таратылған ақпаратты теріске шығаруға міндеттеді.

Сонымен қатар, жауапкердің іс-әрекетінің сипаты мен тараптар арасындағы созылмалы жанжалды ескере отырып, сот моральдық өтемақы мен сот шығындарын өндіру туралы талапты ішінара қанағаттандырды.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Коммуналдық саладағы реформа: өңірлерде ақылды есептегіштер орнату жоспары бекітіледі