Қазір орталық халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу институтына айналған
Еліміздегі алғашқы репродуктивті орталықтың құрылғанына 30 жыл толды. Сол уақыттан бері тек "IRM Clinic" клиникасында 30 мыңнан астам сәби дүниеге келген екен. Қазір орталық халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу институтына айналған. Мұнда әйелдер мен ерлер бедеулігі емделіп, микрохирургиялық әдістер қолданылады, генетикалық диагностика жүргізіледі. Бүгін орталық мамандары мерейтойға орай «Армандар орындалады» атты көрме ұйымдастырып, жетістіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы қаласының тұрғыны Ақмарал Мажираева - ЭКО бағдарламасымен перзент сүйген аналардың бірі. Осыдан 4 жыл бұрын іңгәлаған сәби даусын есту үшін IRM Clinic-ке келіп, жасанды ұрықтандыру жасатқан. Бүгінде бір ұл, екі қызы бар. 38 жастағы келіншек келер жылы дәл осы әдісті тағы да байқап көрмек.
«Бірінші рет маған лапароскопия жасалды, бір жылдай күттік, бірақ нәтиже болмады. Содан кейін ЭКО жасаттым. Порталға тіркелген едім, бірақ кезегімді күтпей, ақылы түрде бардым. Бірден екі эмбрион салды, екеуі де сәтті қонды, сөйтіп егіз қыздарым дүниеге келді. Қазір тағы бір эмбрионым сақтаулы тұр», – деді «IRM Clinic Almaty» емделушісі Ақмарал Мажираева.
Қалалық адам репродукция орталығы 1987 жылы құрылған. Бүгінде орталық сан мыңдаған отбасына ата-ана болу бақытын сыйлады. Бұл ретте бар күш-қуаты мен қабілетін бедеулікке қарсы күреске арнаған медицина мамандарының еңбегі зор. Онымен қоса, клиника заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Сәйкесінше, жыл сайын 35-тен астам елден емделушілер келеді.
«Азияда жалпы алғанда, ең алғашқы орталық – біздің орталық. Қазір бізге шетелдің түкпір-түкпірінен келіп жатыр: Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстаннан бөлек, Ресей, Украина және алыс Еуропа елдерінен де келеді. Сондықтан бүгінде бізде медициналық туризм қарқынды дамып келеді деп айтуға болады», – деді «IRM Clinic Almaty» клиникасының репродуктолог-дәрігері Ләззат Айтқожина.
Репродуктивтік медицина институты – еліміздегі жетекші орталықтардың бірі. Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы филиалда 500-ден астам білікті маманр еңбек етеді. Мамандардың айтуынша, елдегі әр алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болады. Сондықтан репродуктивтік медицина перзент иісін аңсап жүрген жандарға үлкен мүмкіндік дейді.
Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күніне орай 60-тан астам әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылды