Алматы облысында халықаралық басқосуға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден келген ғалымдар қатысты
Іле Алатауы Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 30 жылда 5 миллионнан астам ағаш отырғызылып, қар барысының саны бірнеше есе артты. Кезінде небәрі 5-10 түрі тіркелген сирек жануардың популяциясы бүгінде 39-ға жеткен. Ұлттық парк аумағы да едәуір кеңейіп, туристер саны миллионға жуықтады. Осындай айтулы жетістіктерге жеткен Іле-Алатауы табиғи паркі өзінің 30 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, саладағы маңызды тақырыптарды әлемдік сарапшылармен талқыға салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы облысында «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» атты халықаралық басқосуға елдің әр түкпірінен және Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден келген ғалымдар, сарапшылар, экологтар мен табиғат қорғау саласының мамандары қатысты. Конференцияда биоалуантүрлілікті қорғау, климат өзгерісіне бейімделу және экологиялық туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шара аясында «Болашақ ұрпаққа мұра» атты уақыт капсуласы салтанатты түрде орналастырылып, 20 жыл сақтауға тапсырылды. Сонымен қатар Іле Алатауы ұлттық паркінің дамуына және оның аумағындағы табиғатты қорғау жұмыстарына үлес қосқан бірқатар қызметкер марапатталып, құрметке ие болды.
«Әлемнің жетекші ұлттық парктерімен салыстырғанда көлемі мен келушілер ағыны бойынша Іле-Алатау ұлттық паркі бәсекеге қабілетті, алдыңғы орынға шыққан. Іле-Алатау ұлттық паркі Алматы қаласына және Алматы облысына жақын орналасқан. Оның флорасы мен фаунасы өте бай, бірегей табиғи экожүйелерді қамтиды. Заңнамаға сәйкес ұлттық парктерде төрт негізгі функционалдық аймақ қарастырылған. Келушілер саны да жыл сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы мұнда шамамен 950 мыңға жуық адам келіпті. Бұл көрсеткіш ұлттық парктің әлеуеті мен экотуризмнің дамып келе жатқанын көрсетеді», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.
1996 жылы құрылған Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кезінде 164 мың гектарды алған. Арағы 30 жыл салып туристердің көзайымына айналған аумақ 200 мың гектардан асты. Осы уақыт ішінде орман қорын қалпына келтіру мақсатында 5 миллионнан астам көшет отырғызылып, табиғи экожүйені сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілді. Осы және өзге де жетістіктер ауқымды конференцияда айтылды. Ғылыми халықаралық жиын бағдарламасы төрт тақырыптық секциядан тұрды. Онда қазақстандық және шетелдік ғалымдар таулы аумақтардың флоралық әртүрлілігін сақтау, сирек және қоныс аударатын жануарларды қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туризмді тұрақты дамыту және климаттық өзгерістер жағдайындағы тау экожүйелерінің тұрақтылығын талқылады. Сонымен қатар Сиверс алмасын сақтау, қар барысын зерттеу, рекреациялық жүктемені бағалау және ұлттық парктердегі ғылыми зерттеулердің болашағына ерекше назар аударылды.
Отыз жылда Іле Алатауындағы сирек жануарлар популяциясы тұрақты өсім көрсеткен. Мамандар мұны табиғатты қорғау шараларының тиімділігімен байланыстырады. Бір кезде көзге сирек түсетін қар барысының саны бүгінде 39-ға жеткен. Қазір парк аумағында 85 қоңыр аю, 493 тас сусары және 97 бүркіт тіркелген.
«Конференцияда өте маңызды тақырыптар қозғалды. Таулар – маңызды ландшафт қана емес, ол әлемнің ежелгі ормандарымен бірге қалыптасқан экожүйе болып саналады. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта бүкіл әлемде климаттың өзгеруі мәселесі өзекті болып отыр және қиындықтар туындатуда. Егер біз ормандарды, әсіресе таулы ормандарды қорғайтын болсақ, онда өз планетамызды да қорғай аламыз. Бұл бағытта көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілген. Климат мәселесінде әрдайым бір негізгі қағида айтылады: ормандар экологиялық тепе-теңдікті сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан нақты шешімге қол жеткізу үшін біз орман алқаптарын көбейтіп, ағаш отырғызу жұмыстарын күшейтуіміз қажет», – деді Карадениз техникалық университеті орман шаруашылығы кафедрасының профессоры Эркан Октан (Түркия).
Парк туристік әлеуетін де айтарлықтай арттырды. Бүгінде 46-туристік маршрут бар. Үлкен Алматы көлі, Түрген сарқырамалары, Бутаков шатқалы, Ақсай мен Қаскелең шатқалдары сияқты бағыттар жыл сайын жүздеген мың келушіні қабылдайды. Былтыр ұлттық паркке келгендер саны 945 мың адамға жетіп, соңғы отыз жылда 34 есе өскен.
«Халықаралық конференцияның маңызы – ұлттық табиғи парктердегі қорғалатын аңдарды, құстарды және шөптесін өсімдіктер мен қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жан-жануарлардың болшақтағы жүріс-тұрысын, мінез-құлқы және оның көбею ортасы зерттеу. Қырғыстан мемлекеті Өзбекстан және де Тәжікстан Қытай мемлекеттеріне ауатын жанауарларымыз бар,оларға шекара жоқ. Ел болып оларды қалай сақтаймыз, болашақ ұрпағымызға қалай жеткіземіз деген мәселелер бар», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.
Экологиялық туризмді дамыту мақсатында осы уақыт аралығында ұлттық парк аумағында 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазір мұнда 3 шаңғы курорты, 5 визит-орталық және заманауи демалыс орындары жұмыс істейді. Конференцияның іскерлік бағдарламасы аясында қатысушыларға ұлттық парктің алдағы даму жоспары мен инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Ауқымды жобалар қатарында Қаскелең және Үлкен Алматы шатқалдарында жаңа визит-орталықтар салу, «Жоғарғы Талғар» туристік орталығын дамыту, Turgen Alpine Village экокешенін, Ak-Bulak Lodge Park отбасылық демалыс орталығын, Tengri экопаркін және көшпенділер этноауылын құру бастамалары бар.
Отыз жыл ішінде Іле Алатауы – сирек жануарлар мекендейтін қорық қана емес, ғылыми зерттеулер жүргізілетін орталық, экологиялық ағартудың маңызды алаңы және Қазақстандағы тау туризмінің негізгі бағыттарының біріне айналды.
Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Алматы облысынан
Оқи отырыңыз: Еліміздің солтүстігінде жұпсыз жібек құрты қаптады