Келесі жылы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады
Алматыдағы Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінде «Өз елім» деп аталған концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шараның бірі Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінде өтті. 500-ден астам тың туындының авторының рухты һәм патриоттық шығармалары орындалды.
Іс-шара мемориалды музейді таныстырудан басталды. Қонақтарға экспонаттар көрсетіліп, арда тұлға туралы мәліметтер айтты. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мемориалды музейге келушілер саны күн санап артқан.
"Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі 2014 жылы Алматы әкімдігінің қолдауымен ашылған. Биыл 10 жыл толды. Композитордың өтініші бойынша музей ашылды", – деді Н. Тілендиевтің мемориалды музейінің қызметкері Мөлдір Зікірбай.
Ал бүгін мемориалды музей қызметкерлері ұлттық мерекені ерекше ұлықтады. Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шәкірттері өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
"Нұрғиса атамыздың «Саржайлау», «Өз елім» әндерін жиі айтамын. Әндері адамға рух беріп, туған жерін сүюді үйретеді", – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрғалиұлы.
"Нұрғиса Тілендиев – қазақтың біртуар азаматы! Қатты ұнайды, жақсы көремін. Көңіл-күйім тамаша!" – деді көрермен Мерей Нұржанқызы.
Мерекелік іс-шара көрермен мен музей қызметкерлері бірге шырқаған «Құстар әнімен» аяқталды.
Айта кетейік, келесі жылы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Мерейлі дата ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Республика күні: Көктөбе телемұнарасында мерекелік жарық шамы қосылды