Өзге үшін басын қатерге тігу – нағыз ерлік: Президент бір топ азаматты мапататтады

17.10.2025 13:58

Марапатталғандардың қатарында өз өмірін қатерге тігіп, ерлігімен көзге түскен құтқарушылар бар

Мемлекет басшысы ТЖМ қызметкерлері, құтқарушылар әрқашан және әр кезде ел қамын ойлап, азаматтардың қауіпсіздігін күзететінін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртудың кешенді жұмыстары жалғасып, құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қазіргі жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды. Өйткені азаматтардың өмірі мен тұрмысы осыған тікелей байланысты.

– Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті, осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті. Сондықтан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін тарихымызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қолдануымыз керек. Нағыз ерлік жасаған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет. Халқымыз «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп айтқан. Түптеп келгенде, қайсар рухты құтқарушыларымыз Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құруға мол үлес қосып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды.

Марапатталғандардың қатарында өз өмірін қатерге тігіп, ерлігімен көзге түскен құтқарушылар бар.

Шынболат Берікұлы Әзімбаев – Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының жедел кезекшісі.

Азаматтық қорғау органында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Қызмет бабында талай рет алапат өртті өшіруге қатысты. Мысалы, биыл 7 қыркүйекте ол «Астана» шағын ауданындағы өртенген тұрғын үйден 20 адамды эвакуациялады, сондай-ақ құлыптаулы пәтерден үш баланы алып шықты.

Оның жетекшілігімен «Жамбыл Полимер» зауыты аумағындағы өрт оқшауланып, басқа өндіріс орындарына жайылуына жол берілмеді. Өйткені онда жойқын жарылысқа себеп болатын газ баллондары бар еді.

Шынболат Әзімбаевтың 2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан болған өртті өшіруге және апат салдарын жоюға атсалысқанын атап өткен жөн.

Бүгін ол Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Руслан Рүстемұлы Көбетаев – Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі.

Ол әрдайым қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алуымен көзге түсті. Мысалы, биыл 3 тамызда оқиға орнына келген Руслан Көбетаев бірден газ-түтіннен қорғау звеносын іске қосып, қою түтін мен бетті шарпыған ыстық жалынға өзі бастап кірді. Нәтижесінде бірнеше адам аман қалды.

Руслан Көбетаевқа Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Андрей Анатольевич Бухал – «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыш-нұсқаушысы.

Ол қызмет барысында 7700 сағаттан астам уақыт бойы тікұшақ басқарып, көптеген жанды ажалдан арашалап қалды.

2021 жылы мамырда Шарын шатқалында нөсер жауыннан кейін сел жүріп, тоғыз адам қауіпті жағдайға душар болғаны белгілі. Соның ішінде 11 жастағы қыз із-түзсіз жоғалып кетті. Командир Андрей Бухал басқарған ЕС-145 тікұшағының экипажы баланы бірінші болып тапты. Жарлауыт жерге қона алмағандықтан, құтқарушы арқанның көмегімен төменге түсіп, зардап шеккен адамды маңайдағы елді мекенге жеткізді.

Ал биыл тамыз айында Андрей Бухал Орджиникидзе шыңындағы күрделі іздестіру-құтқару операциясына қатысты. Ауаның құрғақтығына, өкпек жел мен суыққа қарамастан, ол зардап шеккен альпинисті 4410 метр биіктіктен сәтті эвакуациялады.

А.Бухал «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Игорь Владимирович Максимов – ҚР ТЖМ «Республикалық жедел құтқару жасағы» ММ сүңгуір-құтқару бөлімшесінің бас құтқарушы маманы. Халықаралық санаттағы құтқарушы дәрежесіне ие.

Еңбек жолында көптеген құтқару операциясына, атап айтқанда, Күйгенсай шатқалындағы өртті өшіруге (2002); Сырдария өзеніндегі мұз құрсауын бұзып, сеңді жүргізуге (2004-2005); Кімасар шатқалындағы, Күрті су қоймасындағы және Қызылағаштағы іздестіру операцияларына (2010); Түркия мен Ауғанстандағы жер сілкінісінің салдарымен күреске (2023) т.б. қатысты.

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қанат Ғабдоллаұлы Сәрсенғали – Батыс Қазақстан облысы ТЖД Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі.

Қызметтік міндетін атқару барысында жоғары кәсібилігімен және батылдығымен көзге түскен азамат. 2024 жылы қаңтар айында Қанат Сәрсенғали Орал қаласындағы өртті ауыздықтау кезінде ерлік танытып, үй ішінде қалып қойған адамды алып шықты.

Былтырғы су тасқыны кезінде Теректі ауданы тұрғындары мен олардың мүлкін қауіпсіз жерге көшіруге белсенді атсалысты.

«Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Жәнібек Ермекұлы Сейітжанов – Ақмола облысы ТЖД Есіл ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі №23 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі.

Құтқарушылар сапында 2006 жылғы наурыздан бері қызмет етеді. Ол қашанда батыл әрі сауатты қимылдап, өз өміріне қатер төнсе де, адамдарды құтқарып келеді.

Биыл 5 мамырда Жәнібек Сейтжанов өртеніп жатқан пәтерден үш адамды аман алып шықты.

Бүгін оған «Ерлігі үшін» медалі салтанатты түрде табысталды.

Оқи отырыңыз: Мемлекет қаражатына қарап отырады - Президент спорт федерацияларының басшыларын сынға алды