Атыраудағы 7 жастағы қыз өлімі: педофилге сот үкімі шықты

17.10.2025 14:23

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты 7 жасар қыз баланы зорлап, артынша суға батырып өлтірген ер адамға қатысты сот үкімін жария етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

У. есімді тұрғын кәмелетке толмаған баланы зорлағаны (ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігі) және қасақана өлтіргені (ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігі) үшін айыпталған.

«Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың маусым айында Құлсары қаласында 7 жастағы қыз бала Құрсай өзенінің маңында серуендеп жүріп, үйіне қайтпақ болғанда адасып кеткен. Сол сәтте ол алкогольдік масаң күйдегі У. есімді ер адамды кезіктірген.

Сот дерегінше, У. қызға үйіне баратын жолды көрсететінін айтып алдаған. Кейін оны өзеннің жағасына ертіп апарып, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолдану арқылы зорлаған. Қылмысын жасыру мақсатында ол баланы ұрып-соғып, өзенге батырып жіберген», - делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға орнын қарау хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.

Сот үкімімен У. тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Оралда синтетикалық есірткі таратқан күдікті ұсталды