Депутаттың сөзінше, бүгінге дейін Сенатта 120-ға жуық заң қаралып, мақұлданған
«Жақында ғана қабылданған конституциялық заңдар мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесінің негізін айқындап, билік институттарының қызметін реттейді». Сарапшылардың айтуынша, бұл – елдегі басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын іске асырудың негізгі тетіктерін белгілейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жақын күндері тарайтын Парламент бұл сессияда ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын бірқатар маңызды құжатты қабылдады. Олардың арасында Президент, Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі, Халық Кеңесі, Астана мен Алатау қалаларының мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы Конституциялық заңдар бар.
Сенатор Амангелді Есбай – Құрылтай туралы құжатты әзірлеуге атсалысқан депутаттың бірі. Ол бұл бастама елдің саяси жүйесін жаңғыртып, бір палаталы модельге көшуге құқықтық негіз болатынын айтады. Депутаттың сөзінше, бүгінге дейін Сенатта 120-ға жуық заң қаралып, мақұлданған. Біз сенатордан солардың арасында өзі бастамашы болған, ең маңызды үш заң туралы сұрадық.
«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы заңда Мәжіліс және Сенат депутаттары, біршама депутаттары бастамашылдық жасадық. Бұл – еліміздің жаңа бір палаталы жүйеге өтуіндегі үлкен негізгі құжат. Сондықтан негізгі заңдардың бірі деп ойлаймын. Екінші, кәсіптік білімді жетілдіру, сонымен қатар көші-қон мәселесін шешуге байланысты», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай.¤
Амангелді Есбайдан кейін сөзге мәжілісмен Олжас Құспековті де тарттық. Депутат бүгінге дейін қабылданған көп құжаттың ішінен өзі бастамашы болған үш негізгі заңды атады. Олар – арнайы күштік құрылымдарға, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және әскери-патриоттық тәрбиеге қатысты құжаттар.
«Қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық істер комитетінде болғандықтан арнайы күштік құрылымдар туралы, кеше Президентіміз қол қойған әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және әскери – патриоттықтәрбиеге қатысты заңдарды басшылыққа алдым. Басқа депутаттар да үлкен жұмыс жасап жатыр. Мәжілістің бүкіл депутаты, барлық комитеті өте керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков.
Қос депутатпен «вице-президент институты» туралы да тілдесіп, бұл лауазымды енгізу мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсірмей ме деп сұрадық. Айтуынша, қаржылық ауыртпашылық болмайды. Өйткені, бұл құрылым үшін бөлек аппарат құрылмайды екен. Үкімет пен Президент Әкімшілігіндегі бар кадрлық және функционалдық ресурс пайдаланылады. Тек жалақы және ұйымдастыру шығындары ғана қайта қарастырлуы мүмкін.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Армения елшісімен ынтымақтастықты дамыту мен жаңа бірлескен жобаларды талқылады