Парламент орнына Құрылтай: Қазақстанда конституциялық заң жобасы мақұлданды

08.05.2026 11:29

Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады

Аlmaty.tv

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Заң жобасының басты мақсаты – бір палаталы Құрылтайдың конституциялық – құқықтық негізін бекіту.

- Құрылтай ұғымының тарихи қойнауына үңілетін болсақ, бағзы замандардан бері Құрылтай халық билігінің бастауы және бұқара елдің, қарапайым адамдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін келелі де киелі жиын болды. Сын сағатта тағдыршешті барлық маңызды шешімдер Құрылтайда талқыланып қабылданған, сол себепті бұл жиын халық билігінің бастауы болған. Қазақ хандығы заманында да «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» билердің, халықтың қатысуымен дәл осы Құрылтайда талқыланып қабылданған. Еліміздің тарихи болмысын ескере отырып, бүгінгі күні біз ел билігінің жүйесінде «Парламент» сөзін «Құрылтай» ұғымына ауыстырып қайта енгізіп отырмыз. Алайда заманауи Құрылтай, бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болып, қоғамдық биліктің конституциялық жүйесіне кіретін қазіргі заманғы өкілді институт болып табылады, - деді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде осындай модельге бетбұрыс бар. Әлем елдерінде бір палаталы парламентке көшу - заң шығару процессінің ашықтығы мен саяси жауапкершілігін арттыруға деген ұмтылыспен байланысты.

Сонымен қатар, заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды. Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді.

Заң жобасында Құрылтай қызметінің ұйымдастырушылық нысандары (сессиялар, отырыстар, тыңдаулар, үкімет сағаттары), оның органдарының құрылымы (Төраға, Бюро, комитеттер, комиссиялар), сондай-ақ заң шығару процесін жүзеге асыру тәртібі реттеледі.

Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды, сондай-ақ депутаттардың мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді, оның ішінде депутаттық бірлестіктерді қалыптастыру, парламенттік көпшілік пен оппозиция, депутаттық әдеп қағидалары мәселелерін қамтиды. Сонымен бірге, заң жобасында Құрылтай – Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болатыны туралы тиісті норма бар.

- Заң қабылданып күшіне енетін болса, Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобаларын Құрылтай осы Конституциялық заңға және Құрылтайдың Регламентіне сәйкес қарайды. Заң жобасы осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» 1997 жылғы 7 мамырдағы Заңының күші жойылады, - деді А. Сарым.

Құрылтай төрағасының үш орынбасары

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтің сөзіне қарағанда, заң жобасы 12 тараудан және 60 баптан тұрады. Оны әзірлеу кезінде конституциялық реформаның нәтижелері ескеріле отырып, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» ҚР Заңының, сондай-ақ Парламент пен оның Палаталары регламенттерінің ережелері пайдаланылды. Сонымен қатар, заң жобасында бірқатар мынадай жаңашылдықтар көзделген.

- Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығы субъектілерінің қатарына кіреді, ол Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы осы құқықты іске асырады. Мемлекеттік бюджетті қозғайтын депутаттық бастамаларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындыларын ұсыну мерзімі конституциялық заң деңгейінде 3 ай болып айқындалды, - деді депутат.

Құрылтай мен Үкімет арасында іс-қимыл жасаудың келесі тетіктері белгіленді:

  • Үкімет мүшелерін лауазымға тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Құрылтаймен консультациялар өткізу;
  • Үкімет мүшесінің өз қызметінің мәселелері жөніндегі есептің тәртібі;
  • Құрылтай отырысына Премьер-Министрдің Үкімет қызметі туралы баяндамасы;
  • Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру тәртібі айқындалады.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының Құрылтайы бес жыл мерзімге сайланатын жүз қырық бес депутаттан тұратыны белгіленеді. Депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен Құрылтай сайлайтын Құрылтай Төрағасының үш орынбасары болады.

- Құрылтай Қазақстан Республикасының Президентіне Вице-Президент, Премьер-министр, Конституциялық Соттың судьяларының, Орталық сайлау комиссиясының және Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері лауазымдарына тағайындауға келісім береді. Сонымен бірге, Құрылтай депутаттарына ҚР Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау жөніндегі өкілеттіктер беру ұсынылады. Сондай-ақ, заң жобасында депутаттық әдеп қағидалары бекітіледі. Депутаттар депутаттық әдеп қағидаларын бұзған жағдайда, оларға қатысты жазалау шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін Құрылтай Төрағасының жанынан кеңесші орган – Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құру көзделеді, - деді Қайрат Балабиев.

Оқи отырыңыз: Вице-президентті Құрылтай келісімімен Президент тағайындайды — заң жобасы