Павлодар облысы туристік хабқа айналмақ: биыл өңірге 280 мың саяхатшы келеді деп күтілуде

Баянауылдағы инфрақұрылымды жақсартуға миллиардтаған теңге бөлініп, жаңа демалыс орындары салынуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Павлодар облысына 280 мыңнан астам саяхатшы келеді деп жоспарлануда. Осылайша, өңір тек ірі өндірістік орталық қана емес, туризм саласында да қарқынды дамып келе жатқан аймақ ретінде бой көрсетіп отыр. Кейінгі жылдары келушілер саны артқандықтан, өңірде жаңа демалыс орындары ашылып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қолға алынды, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Павлодар облысындағы таулар мен көлдер өңірдің басты туристік нысандарына айналған. Бұл сұлулықты тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де саяхатшылар ағылуда. Мәселен, былтыр аймаққа 240 мыңнан астам турист табан тіреген. Мамандардың айтуынша, әсіресе Баянауыл өлкесі ресейлік және қырғызстандық туристер арасында үлкен сұранысқа ие.

Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ахметжанов ауқымды жобалар жайында айтып берді:

«Биыл екі ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Сабындыкөл жағажайы абаттандырылып, жаңа шолу алаңы салынды. Қазіргі таңда Баянауыл ауылында визит-орталықтың құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Жасыбай көліндегі жағажайды жаңғыртуға 1 миллиард 840 миллион теңге қарастырылған. Ал 2026-2027 жылдары жалпы құны 18 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», — деді Қайрат Ахметжанов.

Өңірде жаңа демалыс орындары мен заманауи қонақүйлер ашылып, туристерді қабылдау мүмкіндігі артып келеді. Соңғы бір жылдың ішінде мұндай нысандар саны бірнеше есеге көбейген. Басқарманың туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбеков жаңа нысандардың сипаттамасына тоқталды:

«Жаңа туристік нысан салынды, ол бір мезетте 100 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ, жаңа туристік кешен іске қосылуда. Үш демалыс үйі бой көтерді, оның екеуінің құрылысы әлі де жалғасуда», — деп атап өтті бөлім басшысы.

Аймақтағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Биыл ұлттық паркке апаратын республикалық тас жолға асфальт төселіп, демалыс аймақтарына кіреберіс жолдар жөнделмек. Бұдан бөлек, интернет пен мобильді байланыс сапасын жақсарту, табиғи нысандарға бағыттайтын арнайы нұсқаулықтар орнату жоспарланған. Ал келесі жылы Сабындыкөл жағажайын кең көлемде абаттандырудың кезекті кезеңі басталмақ.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде

Новости партнеров