Ер адам өз әйелі мен үш баласын терезе арқылы шығарып үлгерген
Павлодар облысында ер адам отбасын құтқарып, өзі өртте қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, 9 қазанда таңертең Тереңкөлде өрт сөндіру қызметінің пультіне жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде үйдің ағаш шатыр құрылымдары толықтай отқа оранған болатын. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлеріне 1982 жылы туған ер адам ес-түссіз күйде тапсырылды.
Алайда өрт сөндіру қызметі келгенге дейін ер адам өз әйелі мен үш баласын терезе арқылы құтқарып үлгерген. Барлығы жедел жәрдем қызметіне тапсырылды.
«Өкінішке қарай, ер адам ауруханада қайтыс болды», - делінген хабарламада.
Өрт 100 шаршы метр аумақты шарпыды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында үй өртеніп, 6 адам қаза болды