Өрт салдарынан шатырдың бір бөлігі құлап, жалын іргелес шаруашылық құрылыстарға тараған
Павлодар облысына қарасты Солнечный ауылында үй өртеніп, 6 адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Таңғы сағат 06:34-те облыстық ТЖД-ның «101» қызметіне Солнечный ауылында орналасқан шаруа қожалығы аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жедел түрде Павлодар облысы ТЖД күштері мен құралдары, ГРЭС-2 МӨҚҚ өртке қарсы құрылымдары және Солнечный ауылының өрт сөндіру бекеті жіберілді.
Өрт сөндірушілер 27 литрлік 8 газ баллонды қауіпсіз жерге шығарды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 30-ға жуық жеке құрам қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды.
Алғашқы бөлімшелер жеткен кезде тұрғын үйдің толықтай отқа оранғаны анықталды. Өрт салдарынан шатырдың бір бөлігі құлап, жалын іргелес шаруашылық құрылыстарға тарады. Жалпы өрттің аумағы 920 шаршы метрді құрады.
Өрт болған сәтте үй ішінде 7 адам болған. Олардың бірі — 1972 жылы туған ер адам жалыннан өздігінен шығып, жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта олардың жеке басы анықталып жатыр. Тергеу органдары өрттің себебін анықтауға кірісті.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, шаруа қожалығы аумағындағы өрт сөндірілді.
– Өрттің себебі болжамды түрде отты абайсыз пайдалану болып табылады. Анықталғандай, жұмысшылар алдыңғы түнде ішімдік ішкен. Өрт кезінде үйде жеті адам болған. Оқиға орнында үш әйел мен үш ер адамның денесі табылды, қаза тапқандардың жеке басы анықталды. Олар шаруа қожалығының қызметкерлері, – деді департаментте.
Оқи отырыңыз: Екібастұзда 21 жасқа толмаған адамға алкоголь сатқан дүкен анықталды