Бұл жолы ол көпшілікке музыкасы арқылы емес, қарапайым адамгершілігімен танылды
Жаңа жылдың алғашқы күні қазақстандық танымал диджей әрі продюсер Imanbek адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоға сүйенсек, Ақсу қаласына бара жатқан таксиде отырған жолаушылардың көлігі трассада сынып қалған. Салдарынан олар өтіп жатқан көліктерді тоқтатып, көмек сұрауға мәжбүр болған.
Осы сәтте күтпеген жерден Imanbek көмекке келген. Танымал музыкант тоқтап, жолаушыларды өз көлігімен Ақсу қаласына дейін жеткізіп салған.
– Мұны жаңа жылдың алғашқы күніндегі жақсы белгі деп есептеймін. Баршаңызға бақыт, жақсылық тілеймін, – деп бөлісті бейнені жариялаған жолаушы.
Бұл жолы Иманбек көпшілікке музыкасы арқылы емес, қарапайым адамгершілігімен танылды. Әлеуметтік желі қолданушылары оның бұл әрекетін жоғары бағалап, жылы пікірлер қалдырды. Көпшілік «Грэмми де, атақ та Иманбектің қарапайымдылығы мен қазақы болмысын өзгерте алмаған» деп жазды.
Айта кетейік, Imanbek – қазақстандық продюсер, әлемге танымал музыкант, Grammy сыйлығының иегері. Алайда бұл жолы ол жұлдыз ретінде емес, жолда қалған жандарға көмектескен жанашыр азамат ретінде көзге түсті.
Оқи отырыңыз: Шымбұлақтан Альпіге дейін: қазақстандық журналистер әлемдік шаңғы қауымдастығының бір бөлігіне айналды