Қайғылы жол-көлік апаты 11 қазанда Омбы – Майқапшағай автожолында болған
Павлодар облысында жеңіл көлік жүк көлігіне бетпе-бет соқтығысып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жол-көлік апаты 11 қазанда Омбы – Майқапшағай автожолында болған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, Қызылқоғам ауылынан 3 шақырым жерде «ВАЗ-2110» маркалы автокөліктің жүргізушісі қолайсыз ауа райы жағдайында көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, жүк көлігіне бетпе-бет соғылған. Соның салдарынан жеңіл көлік жүргізуші мен жолаушысы қаза тапты», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде полиция көлік апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.
Полиция департаменті осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында жол қозғалысына қатысушыларға жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдық режимін төмендетуді, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде абай болуды және көлік құралының техникалық жағдайын үнемі қадағалап отыруды ескертеді.
Оқи отырыңыз: Қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін: жексенбінің ауа райы болжамы