Павлодарда әйелін мүлік үшін өлтірген азаматқа сот үкімі шықты

Қылмыс 125 миллион теңге тұратын кәсіпорынды иемдену мақсатында жасалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар облысында өз жұбайын қасақана өлтірген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сот анықтағандай, қылмысқа ерлі-зайыптылар арасындағы ұзаққа созылған мүлік дауы себеп болған. Марқұм әйел күйеуімен ажыраспақ болып, нәтижесінде оның иелігінде құны 125 миллион теңгеден асатын кәсіпорын қалуы тиіс еді. Себебі аталған мекеме некеге дейін құрылғандықтан, ортақ мүлікке жатпаған.

Алайда, 2024 жылдың тамыз айында айыпталушы кәсіпорынды мұрагер ретінде иемденуді көздеп, сұмдық жоспарын іске асырған. Ол жұбайын табиғат аясына демалуға шақырып, қайықпен серуендеу кезінде оны суға батырып өлтірген. Сот процесі барысында жәбірленуші тарап қаскөйді өмір бойына түрмеге жабуды сұрағанымен, сот 15 жыл мерзімді лайықты деп тапты. Айыпталушы өз кінәсін сол күйі мойындаған жоқ.

«Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімінің 8-тармағы бойынша кінәлі деп танып, орта қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», – деді сот баспасөзінің басшысы Агидель Ибраева.

Сотталушы енді жазасын орта қауіпсіздік колониясында өтейтін болады. Үкімге қатысты тараптардың жоғары сатылы сотқа шағым түсіруге құқығы бар.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы

Новости партнеров