Павлодарда учаскелік инспекторлар қайғылы жағдайдың алдын алды

16.09.2026 16:10

Бойжеткен 9-қабаттан секіруге бел буған

Павлодарлық полицейлер өз-өзіне қол салуға бекінген қызды ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары 9-қабаттағы балконда бойжеткеннің қауіпті жағдайда тұрғаны туралы ақпарат алып, оқиға орнына жедел жеткен. Тәртіп сақшылары келген уақытта қыз балкон қоршауының сыртында, бір аяғымен ғана конструкцияға сүйеніп тұрыпты. Жағдайды көрген учаскелік инспектор Азамат Әкімжанов дереу батыл әрекет етіп, қызды ұстап үлгерген. Кейін әріптесі Алмаз Сағадатов екеуі бойжеткенді қауіпсіз жерге шығарыпты. Қазір ол мамандардың бақылауында тиісті медициналық көмек алып жатыр.

«9-қабатқа көтеріліп, пәтерге кіргеннен кейін әріптесім бірден балконға беттеп, қызбен сөйлесті. Ал мен басқа бөлмеден бойжеткен тұрған жерге шығатын жолдың бар-жоғын тексеріп, терезе арқылы шығуға болатынын түсіндім. Сөйтіп қыздың назарын басқа жаққа аударуға тырыстым. Сол сәтте әріптесім оны балконнан тартып шығарып алды. Мен бірден жүгіріп барып, екеуміз оны тыныштандыруға тырысып, жедел жәрдем шақырдық», – деді учаскелік инспектор Алмаз Сағадатов.

Оқи отырыңыз: Астанада ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды

Толық көрсету