Ол қылмысты жасыру үшін марқұмның денесін тығып, артынша Қазақстаннан қашып кеткен
Павлодарлық кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен қазақстандық азамат Ресейден елге жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 21 ақпанда үйінен жұмысқа шыққан ер адам кейін байланысқа шықпай жоғалып кеткен. Тергеу барысында сол күні оның Павлодарда күдіктімен жеке үй ауласында кездескені анықталыпты. Екеуінің арасында қаржылық дауға байланысты жанжал туындаған көрінеді. Күдікті сол кезде кәсіпкердің кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Қылмысты жасыру үшін қаскүнем марқұмның денесі мен автокөлігін гаражға тығып, артынша Қазақстаннан қашып кеткен.
«Биыл наурыз айында ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған айып тағылған қылмыс бойынша 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – деді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейсов.
Оқи отырыңыз: Атырауда автобус жүргізушісі 6 жастағы баланы қағып кетті