Педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіледі

20.04.2026 19:59

Сала бойынша білім алуға үміткерлер үшін шекті балл 75-ке дейін көтерілмек

Елімізде педагогтер үшін міндетті пәндік білімді бағалау тестілеуі алынып тасталады. Енді ұстаздардың кәсіби деңгейі тест нәтижесімен емес, олардың күнделікті жұмысы, оқыту сапасы және оқушылардың жетістіктеріне қосқан нақты үлесі арқылы бағаланатын болады, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Керісінше, педагог мамандығына қабылдау талаптары күшейтіліп, жоғары оқу орындарына түсу кезеңінде-ақ қабілетті талапкерлерді іріктеуге басымдық берілмек.

Қолданыстағы аттестаттау тетіктері педагогтерге негізсіз артық жүктеме түсіріп отыр. Осылай деген Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова міндетті пәндік білімді бағалау тестілеуі алынып тасталатынын хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, тестілеуге дайындалу көп уақыт алады және басқа да факторлар ұстаздардың негізгі міндеті, оқыту сапасына толыққанды көңіл бөлуіне кедергі келтіріп отыр. Дегенмен, бұл өзгеріс барлығына бірдей қатысты емес. Атап айтқанда, қызметке жаңадан келген түлектер, жұмысын қайта бастаған педагогтер, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлері міндетті түрде сынақтан өтетін болады.

«Аттестаттаудың жаңа моделінде балалардың сапалы білім алуына, аттестаттау жүйесін жеңілдетуге бағытталған. Яғни бұл жерде педагогтердің тестілеу теориялық біліміне бағытталған. Олардың оқушылармен тығыз байланыста, соларға көп уақытын бөлуіне назар аударп отырмыз», – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова.

 Сондай-ақ педагогтерді аттестаттау жүйесінен эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу талаптары алынып тасталды. Бұл жаңа модель қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде енгізіледі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы оқу жылында екі мәрте өткізілетін тестілеуден қажетті балл жинай алмаған жағдайда, педагогке тиісті біліктілік санаты берілмейді және жаңартылған аттестаттау жүйесіне қатыса алмайды. Ал алғашқы кезеңнен өте алмағанымен, қайта тест тапсырудан бас тартқан мұғалімдерге жаңа сынақ аясында бірден бағалау рәсімінен өту мүмкіндігі қарастырылған.

«Жыл сайын 130 мыңнан 150 мыңға дейін педагог тестілеуден өтеді. Осы жылы сынақтан өтуге 130 мыңнан астам адам өтініш берді. Бүгінгі күнге дейін педагогтердің білімін бағалаудың бірінші кезеңінен 50 мыңнан астам мұғалім өтіп, портфолиоларын дайындады. Олардың барлығы құжаттарын жүктеді, тестілеу әлі де жалғасып жатыр. Сәуір айында бірінші кезеңді тапсыру әрі қарай жалғасады. Ал шілде айында бірінші кезеңнен өтпей қалғандар үшін екінші кезең ұйымдастырылады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары  Зейнеп Мақсұтова.

Айта кетейік, педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіледі. Алдағы уақытта бұл сала бойынша білім алуға үміткерлер үшін шекті балл 75-ке дейін көтерілмек. Бұл өзгеріс арқылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге тәуелділікті біртіндеп азайту және арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау моделіне көшу көзделіп отыр.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алдағы үш күнде ауа райы қалай болады