Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды

25.07.2025 15:52

Ұрланған қаражатқа сатып алынған мүліктері тәркіленді

Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот үкімі шықты. Сот олардың кінәсін дәлелденді деп тауып, Перизатты 10 жылға, ал анасын 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғайни Алашбаева сот залында бірден қамауға алынды. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар олар 10 жыл бойы қайырымдылық қаражатын жинауға байланысты кез келген қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Ал, ұрланған қаржыға сатып алынған барлық мүлік мемлекет меншігіне тәркіленді.

«Перизат Қайратқа бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау сол күйінде қалдырылсын. Ал Алашбаеваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол қамауға алынсын. Үкім заңды күшіне енген күннен бастап жаза мерзімі есептеледі. Істе жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар жоқ. Ал ауырлататын мән-жай ретінде айыпталушылардың қылмысты елде төтенше жағдай режимі кезінде жасағаны танылды. Келтірілген аса ірі шығын өтелмеген. Осыны ескере отырып, сот бас бостандығынан айыру жазасын әділ деп санайды», – деді судья Сабыржан Кәрімов

Айта кетейік, Перизат Қайрат пен анасына алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша айып тағылған еді. Қылмыстық іс материалдары 109 томнан тұрады. Іс бойынша 51 адам зардап шеккен. Келтірілген залал соммасы 3,5 млрд теңге.

Оқи отырыңыз: Шерзат Полат ісі: Думан Ысқақ бостандыққа шықты