Сот процесі жартылай жабық режимде өтіп жатыр
Астанада қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасы 3 бірдей бап бойынша жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Прокурор Мадина Оразалинаның айтуынша, екеуі алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз табысты заңдастырғаны үшін, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін және қылмыстық жолмен келген ірі көлемдегі ақшаны заңдастырғаны үшін айыпталып отыр. Тергеу дерегінше, Перизат «Біз біргеміз Қазақстан-2030» қоры арқылы халықтан су тасқынынан зардап шеккендерге, Газа секторындағы тұрғындарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық салу үшін қайырымдылыққа деп қаражат жинаған. Алайда жиналған ақша көмекке емес, жеке басының қажетіне, сән-салтанатқа және шетелге саяхатқа жұмсалған. Дегенмен, Перизат Қайрат үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша айыптауларды мойындамайтынын жеткізді.
Айта кетейік, сот процесі жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Сол себепті судья журналистерге отырысқа қатысуға және түсірілім жасауға тыйым салды.
«Айыпталушылардың өтініші бойынша оларды фото және видеоға түсіруге тыйым салынады. Соттың тыйым салған медиаконтентін жасау және тарату заңға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертемін. Сот процесі барысында жорамал жасауға және арандатушылық әрекеттерге жол берілмейді», – деді судья Сабыржан Кәрімов.
Оқи отырыңыз: Алматыда Matic Basket криптопирамидасы әшкере болды