Перизат Қайрат Газа секторына бағытталған гуманитарлық көмекті де жымқырған

14.07.2025 19:12

Тергеу материалдарына сәйкес, олар 7 пәтер және 3 көлік сатып алған

Қайырымдылыққа деп жинаған қаражаттан Перизат Қайрат “әдемі өмірге” деп шамамен 2 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсаған. Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта атышулы іске қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр. Сот барысында бірқатар қызықты деректер белгілі болды. Сотта белгілі спортшылар мен саясаткерлердің есімдері де аталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Перизат Қайрат пен оның анасының 3 жарым миллиард теңгені қалай жұмсағаны анықталды. Тергеу материалдарына сәйкес, олар 7 пәтер және 3 көлік сатып алған. Ал 150 миллион теңгеден астам қаражатты қымбат бренд заттарына жұмсаған. Бұдан бөлек, күдіктілер гүл бизнесіне инвестиция салып, 17 елге саяхаттаған. Анықталғандай, бұл қаражаттың негізгі бөлігі тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған. Сондай-ақ прокурор Арман Кезекен Газа секторына бағытталған гуманитарлық көмектің де жымқырылғанын жария етті.

 «2023 жылдың 7 қазанынан бастап Таяу Шығыста қарулы қақтығыс шиеленісіп, гуманитарлық көмек халықаралық қоғамдастық үшін басты басымдыққа айналды. Осы жағдайды пайдалана отырып және қайырымдылықты табыстың шексіз көзі ретінде түсінген Перизат Қайрат Алашбаева алдын ала сөз байласу арқылы 2023 жылдың қазан айында бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен иемденуге бағытталған жаңа қылмыстық іске барған», – деді прокурор  Арман Кезекен

Сондай-ақ сотта зардап шеккен кәсіпкерлердің бірі сөз сөйледі. Куәгер Мөлдір Сүйіншіәлі ауқымды қайырымдылық кешіне қалай келгенін айтып берді. Оның мәліметінше, 2021 жылы Перизат Қайрат Instagram желісі арқылы байланысқа шығып, оны қайырымдылық іс-шарасына шақырған. Кеште бизнес және саясат өкілдері де бой көрсеткен. Кәсіпкер сол концерттен Геннадий Головкиннің құны 10 миллион теңге тұратын бокс қолғабын сатып алған. Жиналған қаражат балаларға арналған оңалту орталығын салуға бағытталады делінген. Алайда алаяқтық әшкереленгеннен кейін кәсіпкер енді қайырымдылықпен айналыспайтынын айтты.

«Мені алдымен куә ретінде шақырған, кейін мен өзімнің мәртебемді жәбірленушіге ауыстыруды сұрадым. Егер бұл ақша «Батыр» қорына да, ешқандай құрылысқа да кетпеген болса, әрине мен бұл қаржыны қайтарып алғым келеді. Одан да оны нақты бағытта жұмыс істейтін қайырымдылық қорына бергенім дұрыс деп есептеймін. Ол үнемі бір министрдің кеңесшісі секілді жүретін. Әрдайым беделді ортада болатын, үйіне атақты адамдар келіп-кететін», – деді жәбірленуші Мөлдір Сүйіншіәлі.

Сот отырысында прокурор Мадина Оразалина жұрт естімеген бірнеше деректі атты. Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ. Алайда әлеуметтік желіде өзін шетелде оқыған, 2016–2020 жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде отбасылық ет бизнесімен айналысқан кәсіпкер ретінде таныстырып, жалған ақпарат таратқан. Сонымен қатар ол бұған дейін де қылмыстық қудалауға іліккен, бірақ іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана

Оқи отырыңыз: Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптауларды мойындамайтынын жеткізді