Асфальт жабындысы бүлініп, езіліп кеткен жолдар қалада қозғалысты қиындатқан
Петропавл қаласының тұрғындары жыртық-жамау жолдың жайын айтып шағымдануда. Олардың айтуынша, көктем келіп, қар ерісе, асфальт жабындысы да мүжіліп жатады. Шұрық тесік жол тіпті діттеген жерге жетуге кедергі келтіреді екен. Әкімдік өкілдерінің мәселеден хабары бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар "күн жылынып, ақ ұлпа еріп, қара жер енді көрінсе, көңіліміз су сепкендей басылады” дейді .
Өйткені қаладағы жолдар қыстан аман шықпайтын көрінеді. Асфальт жабындысы бүлініп, езіліп кеткен жолдар қалада қозғалысты қиындатқан. Жергілікті жұрттың сөзінше, жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіледі. Ал мердігерлерді бақылап жатқан ешкім жоқ.
“Қазір Тоқсан би көшесімен жүріп келдім. Көлігімнің дөңгелектерінің сау-тамтығы қалмады. Не дегенмен, біз салық төлеп отырмыз ғой. Тым құрығанда, жолды сапалы жасаса болар еді. Жөндеу жүргізілгенімен, бір маусымға да шыдамайды. Украинская, Абай, Интернациональная көшелерінің барлығы шұңқырға толы”, - деді Петропавл қаласының тұрғыны Анжелика Могунова.
“Қазып тастайды, бірақ ештеңе жөндемейді. Қиыршық тас сеуіп кетеді, ол сол күйі қалады. Жолды сапалы етіп жасау керек, жақсы асфальт төселуі тиіс. Негізі жөндеу жұмыстарымен жеке компаниялар айналысады. Оларға бәрібір. Ақшасын алады, ал жолдың жағдайы қалай болды – мүлде қызықтырмайды”, - деді Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Муртасов.
Сапасыз салынған жол тек шеткі аудан халқының базынасы емес. Жабыны мүжіліп, ойық-шұңқырға толған жолдар қала орталығы тұрғындарының да бас ауруына айналған.
“Діттеген жеріне жете алмай қиналамыз. Әрине, көлігіміз қайта-қайта бұзылады. Оны қомақты сомаға жөндетеміз. Бұл біздің қалтамызға ауыртпалық түсіреді. Қазір міне, дамбаның маңайында кетіп бара жатырмыз. Мұнда да жағдай мәз емес”, - деді Петропавл қаласының тұрғыны Нұрлан Ахметбаев.
Әкімдіктегілердің мәселеден хабары бар. Тіпті, жұмыстың сапасыз жасалғанын да мойындайды. Бірақ олқылықты мердігерлер кепілдік аясында түзетеді дейді. Ал басымдық – қаланың шеткі аудандарына берілмек. Алдағы уақытта ондаған шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр екен.
“Батыр Баян көшесінің бір бөлігі былтыр асфальтталды. Ал Гастелло, Әбу Досмұхамбетов және Абай көшелері биылғы орташа жөндеу жоспарына енгізілген жоқ. Жыл соңына дейін шамамен 22 шақырым жолды жөндеу көзделіп отыр. Сондай-ақ, 29 көше бойынша жобалар дайындалды. Оның аясында 26 шақырымнан аса жолға асфальт төселеді”, - деді Петропавл қаласы әкімдігі ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан.
Әкімдік өкілдері осылай сендіргенімен, жағдай күрделі. Өйткені қаладағы жол желісінің ұзындығы 300 шақырымнан асады, ал оның едәуір көп бөлігіне әлі күнге дейін жол жабындысы төселмеген.
Аяулым Көлжігіт, Пётр Акутионов, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысы
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді