Әрбір алтыншы қазақстандық әйел өмірінде кем дегенде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды
Жаза қатаңдатып жатса да, тұрмыстық зорлық-зомбылық толық тоқтаған жоқ. Түркістан облысында былтыр ғана 5 мыңға жуық адам жақындарынан жапа шеккенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандардың айтуынша, бұл тек тіркелген жағдайлар ғана. Көп жағдайда жәбірленушілер үнсіз қалады, алайда мұның соңы ауыр қылмысқа ұласып жатады. Сол себепті өңірде отбасылық зорлық-зомбылықты алдын алу шаралары күшейтіліп, арнайы рейдтер ұйымдастырылып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, әрбір алтыншы қазақстандық әйел өмірінде кем дегенде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Онда жәбірленушілерге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мысалы, бет-жүзін көрсетпеуді сұраған кейіпкеріміз осы орталыққа 9 ай бойы паналап келеді. Полиция қызметкерлерінің көмегімен ол қиындықтан құтылып, қазір тұрақты жұмысқа орналасқан.
“Барлық жағынан көмектеседі. Қазір жағдайымыз жақсы. Мен 8-9 айдан бері тұрақты жұмысқа орналасып, өзімізді қамтамасыз етіп отырмын”, – деді қала тұрғыны.
Елдегі дағдарыс орталықтарында осындай қиын жағдайда қалған қыз-келіншектер көп. Әйел мен бала үшін үй ең қауіпсіз орын болу керек еді, алайда статистика басқаны көрсетеді. Өткен жылы жарияланған ұлттық баяндаманың нәтижесіне сәйкес, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-дан астамы әйелдерге, ал 30%-дан көбі балаларға жасалған. Тәртіп сақшылары мұндай құқық бұзушылықтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
“Отбасылық-тұрмыстық салада көптеген заңдарға өзгерістер енгізілді. Егер отбасында айқай-шу немесе әйелдің мазасын алу, балалардың көзінше дау-шар пайда болса, ҚР ӘҚБК 73-бабы бойынша құқық бұзушы жауапқа тартылады”, – деді Қалалық ПБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы Айсұлу Қайырбекова.
Құқық қорғау органдары зорлық туралы айту — ұят емес, керісінше өмірді сақтап қалудың жолы екенін айтады. Бүгінде Түркістан облысында профилактикалық шаралармен қатар, «агрессорлармен» жеке жұмыс жүргізу тетіктері де қолға алынған.
Нұркен Әкімхан, “Алматы” телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстан азаматтарын алдаған 50-ден астам алаяқ Днепрде қолға түсті