Петропавлда дәрігерлер ішегі түсіп кеткен зейнеткерге ота жасады

26.10.2024 17:58

Науқас дереу ауруханаға жатқызылып, операцияға алынды

Аlmaty.tv

Петропавлдағы көпбейінді аурухана дәрігерлері қатты жөтел кезінде ішегі сыртқа шығып кеткен қарияға ота жасады. Науқасқа осыған дейін де онкологиялық ауруына байланысты тік ішекті резекциялау операциясы жүргізілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

73 жастағы ер адамға онкологиялық ауру диагнозы қойылып, қыркүйек айында тік ішекті резекциялау операциясы жасалған болатын. Кейін емханада отаның тігістері алыныпты. Ал жуырда зейнеткер үйде қатты жөтелген кезде ішегі түсіп кеткен.

«Пациенттің жай-күйі мен ауыратын диагнозы есепке алынып, ол дереу ауруханаға жатқызылып, операцияға алынды. Операция жалпы наркозбен жасалды. Оны екі тәжірибелі хирург – Руслан Захаров пен Алексей Дрюпин жасады. Анестезиолог – Тимур Әсетов. Операция барысында апоневроздан тігістер алынып тасталды, түсіп кеткен тік ішектің ілмектері орнына келтірілді, арналары кептірілді», — деп жазылған аурухананың әлеуметтік желідегі парақшасында.

Науқастың іш қуысына санациялау жүргізілген. Жамбасына, сол жақ бүйір арнасына және бауыр астындағы кеңістікке дренаждар орнатылыпты. Қазіргі кезде онкологиялық ауруға байланысты асқынуға қарамастан, пациенттің жағдайы ауыр болса да, тұрақталыпты. Қажетті ем қабылданып жатыр. Пациент дәрігерлердің бақылауында.

Оқи отырыңыз: Атырауда жантүршігерлік жол апатынан 4 адам тірідей өртеніп кетті