Петропавлда көпір құрылысы дау туындады

26.02.2026 21:26

Әкімдіктегілер бұл маңда құрылыстың барлық талапқа сай жүріп жатқанын айтты

Петропавлдықтар өткелдің құрылысына шағымданды. Жаңа көпір олардың үйіне тым жақын салынып жатқандықтан баспаналарына қауіп төнген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі     

Көпір құрылысының кесірінен баспанасы құлаудың алдында тұрған тұрғындардың бірі – Марина Сазонова. Үйінің іргетасы отырып, қабырғалары жарылып кеткен. Бірақ сүрілетін ғимараттар тізіміне кірмей қалған. Әкімдік «өз қаржыларыңа сараптама жасатыңдар» депті. Бірақ оның бағасы қымбат.    

«Жолдың шеті мен үйдің арасы кемі 50 метр болуы керек. Ал біздегі қашықтық 15-ақ метр. Сонда да сүрмей отыр. Шенеуніктер «сотқа беріп, сараптама жасатыңдар» дейді. Оның құны 1,5 миллион теңге. Ондай ақшаны қайдан табам? Көктемде үйімізді су басты, мына құрылыстың кесірінен үйге көп зақым келді», – деді қала тұрғыны Марина Сазонова.  

Ал оның көршісі Марина Золотухина бала-шағасымен тұрады. Көпбалалы ана күндіз күлкіден. түнде ұйқыдан айырылғанын айтты.    

«Үш бөлмелі пәтер берді, бірақ оны бірден қайта алып қойды. Себебі мен банк тексерісінен өте алмай қалдым. Ал бәрі қирап жатыр. Сараптама жасауға ақша жоқ. Құрылыс түнде де жүреді. Бір күні үйдің астында қалатын шығармыз», – деді қала тұрғыны Марина Золотухина.  

Үйге барар жолдарды жүк көліктері тас талқанын шығарыпты. Енді көктем шығып, қар ерісе жағдай мүлде қиындайды деп алаңдап отыр. Төтенше жағдай кезінде бұл жерге арнайы көліктер жете алмайды. Ауыл балалары мен қариялары ой-шұңқыр жолдарда құлап, жарақат алған жағдайлар да жиілепті.  

«Менің балам қайтыс болды. Таксиді бес рет шақырдық. Батпаққа баттық. Есінен танып құлады. Көліктердің бұл жерге жетуі мұң. Машинамен де жаяу да жүру мүмкін емес», – деді қала тұрғыны Валентина Курганова.  

Әкімдіктегілер болса, бұл маңда құрылыстың барлық талапқа сай жүріп жатқанын айтады. Ал осы бөліктегі үйлер сүрілуі үшін сот шешімі керек екен. Қабырғалардың жарылып, үйлердің зақымдануы себебін анықтау үшін арнайы мамандарды жіберуге дайын екенін айтты. Бірақ оған көпір құрылысының қатысы жоғына сенімді.  

«Төртінші көшедегі бұл үйді алуға ешқандай негіз жоқ. Құрылыс жұмыстары құжаттары көрсетілген тәртіп бойынша, құрылыс талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Үйдің бүлінуіне көпірдің еш қатысы жоқ. Тұрғындардың сотқа шағымдануына болады. Осындай мәселеге тап болған өзге тұрғындар да дәл солай сотқа шағымдануы керек», – деді  Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.  

Шенеуніктер бәрі заң аясында деп өздеріне шаң жуытар емес. Ал тұрғындардың мәселесі қалай шешілері әзірге белгісіз.  

Асыл Махметов, Пётр Акутионов, Самат Жакупов, Петропавловск

Оқи отырыңыз: Темекі тұтқыны: Алматыда созылмалы ауру көбейіп жатыр