Петропавлда көпқабатты үйдің тұрғындары екі айдан бері жылу мәселесін шеше алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айтуларынша, батареялар бірде жылып, бірде қайта суып қалады. Ыстық су да тұрақты берілмейді. Жұрт жауапты мекемеге бірнеше рет шағымданғанымен, әзірге нәтиже жоқ. Брусиловский көшесіндегі тұрғындардың жағдайын Almaty.tv тілшісі біліп қайтты.
Брусиловский көшесіндегі 90 пәтердің тұрғындары электр жылытқыштарын қосып отыр. Үй ішінде күндіз-түні жылы киіммен жүруге мәжбүр. 91 жастағы тыл ардагерінің айтуынша, пәтеріндегі температура 16–17 градусқа дейін төмендеген. Зейнеткер жылытқышын таңнан кешке дейін өшірмейді.
«Жылу ақысын өзгелермен бірдей төлейміз. Бірақ үйде қалың киініп жүреміз. Бүгін мамандар келіп, құбырлардағы ауаны шығарды. Одан да пайда болмады. Қырық минуттан кейін батареялар қайта суып қалды», – деді қала тұрғыны Жәмиля Садыкова.
Тұрғындар мәселені өз күштерімен де шешуге тырысқан. Ақша жинап, қажетті бөлшектерді сатып алып, шеберлерді шақыртқан. Алайда жөндеу жұмыстарынан кейін де жағдай өзгермепті. Ал жылу желілеріне жауапты мекеме қалалық құбырлардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген.
«Мамандар Брусиловский көшесіндегі пәтерлердің жылыту жүйесіне қосымша шүмектер мен пластик құбырлар орнатылғанын анықтады. Бұл су айналымын баяулатуы мүмкін. Бірінші қабаттағы шаштаразда да екі радиатор бір құбырға жалғанған. Өзгерістер тиісті талаптарға сай жасалмаған. Мамандар әр пәтерді тексеріп шығады», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Алёна Хан.
Тұрғындар жылу жүйесі жөнделмесе, алдағы қысқы аязға шыдау қиын болатынын айтады. Оның үстіне, жылу ақысына қоса, электр энергиясына да қосымша шығындалып отыр.
Айжан Дайрабай. Петр Акутионов. Самат Жакупов. «Алматы» телеарнасы. СҚО