Петропавлда сотта жалған айғақ берген келіншек сотталды

10.08.2026 21:31

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді

Almaty.tv

Көрінеу жалған айғақ берген әйелге бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Алайда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес рақымшылыққа ілініп, жазасы 3 жыл 4 айға қысқартылды. Сотталған жазасын шартты түрде өтейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сот үкімімен пробациялық бақылау белгіленген келіншекке тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын пробация қызметіне хабарламай өзгертуге, алкоголь ішілетін ойын-сауық орындарына баруға, бос уақытында тұрғылықты жерінен шығуға, сондай-ақ пробация органына хабарламай басқа елді мекендерге кетуге тыйым салынды.

Ол пробация қызметіне тіркеліп, профилактикалық әңгімелесулерге қатысуға міндетті. Егер тұрақты жұмысы немесе оқуы болмаса, бір ай ішінде жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс.

Сонымен қатар сотталған әйелден жәбірленушілердің өтемақы қорына 20 АЕК мөлшерінде, яғни 78 640 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.

Былтыр Петропавлдағы пәтерлердің бірінде төрт адам әйелді күшпен ұстап, олардың екеуі оған қатысты зорлық әрекетін жасаған. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға шағымданып, қылмыстық іс сотқа дейін жеткен. Алайда сот талқылауы барысында әйел бұған дейін берген айғақтарынан бас тартқан. Тергеу және сот барысында оның көрінеу жалған айғақ бергені анықталған. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Петропавлда терезеден құлаған 5 жастағы бала ауруханада жатыр
 

Толық көрсету