Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 22-отырысы басталды
Таяу Шығыстағы жағдай дипломатиялық жолмен шешілуі керек. Осындай ұсынысты Қазақстан атынан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 22-отырысы басталды. Жиында сөз сөйлеген Сенат спикері басқосуға қатысып отырған дін өкілдерін мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Сонымен қатар ол әлемде қауіпті аймақтар көбейіп бара жатқанын жеткізді. Съезде дін өкілдері бас қосып, жаһандағы жағдайды талқылап жатыр.
"Кез келген дін адамның ұлтына, нәсіліне қарамай сыйластыққа шақырады. Бауырмалдық танытып, бейбіт өмір сүру – дінің мақсаты. Түсінген адамға жиын өте маңызды. Әлемнің түпкір-түпкірінен түрлі дін өкілдері келіп, ғаламды жақсартуға қатысты ойын айтты. Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Қазақстан билігіне алғыс айтамыз", – деді «Сомайя» институты конфессияаралық қарым-қатынас жөніндегі бағдарламаның хатшысы Рудракша Сакрикар (Үндістан).
Бүгін хатшылықтың отырысында Димаш Құдайберген әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Бұл мәртебелі лауазымға тағы 4 адам ұсынылған.
Айта кетейік, халықаралық маңызды шара ертең де жалғасады. Сәрсенбінің күн тәртібінде Жас діни көшбасшыларының бірінші форумы өтеді деп жоспарланған.
Оқи отырыңыз. Жылыту маусымы: Үкімет басшысы өңірлердің қысқа дайындығын пысықтады