Үкімет отырысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев жолаушылар пойыздарын интернетке қосу жұмысын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
"Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылығын арттыру үшін пойыздарда интернет қосу жұмыстары аяқталды. Бүгінде 51 бағыттағы 108 пойыздың 1 500-ден астам вагоны Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған. Бұл қызметті жыл сайын 11 млн-нан астам жолаушы пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Транстелеком» компаниясымен бірлесіп жолаушыларға интернет қызметін ұсыну шарттары пысықталып жатыр. Aitu, WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде мәтіндік хабарламалар алмасу, сондай-ақ жолаушыларға арналған сервистік ақпарат тегін ұсынылады", - деді ҚТЖ басшысы.
Сонымен қатар ол жалпы саладағы цифрлық жүйеге тоқталды.
"Цифрлық жүйе жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастырудан бастап, пойыз қозғалысын басқару, жүкті жеткізу және жолаушыларға қызмет көрсетуге дейінгі барлық процесті қамтиды. Негізгі мақсат — жекелеген процестерді цифрландырумен шектелмей, барлық тасымалдау процесін өзара байланысқан бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру. Оның тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін магистралдық теміржол желісінде LTE-R технологиясы негізінде ҚТЖ-ның жеке төртінші буын (4G) байланыс желісі құрылады. LTE-R пойыз қозғалысын басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және техникалық қызмет көрсету үшін деректерді тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба 16 000 шақырымнан астам магистралдық теміржол желісін қамтиды. Екі кезеңде шамамен 2 800 базалық станция орнатылады", - деді Е.Отыншиев.
Бірінші кезең - ТрансҚазақстан теміржол желісі мен Астана – Алматы бағыты 2027 жылы аяқталады. Бұл тасымалдау процесінің тиімділігін 10–15% арттыруға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Шекарада жүк көліктерінің кезек күту уақыты 10 есеге қысқарды