Шекарада жүк көліктерінің кезек күту уақыты 10 есеге қысқарды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Digital Qazaqstan стратегиясы шеңберінде цифрлық жобалардың жүзеге асырылғаны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.
Негізгі міндет – жүк тасымалының тиімділігін арттыру, жолдардың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтар мен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту.
Негізгі жобалардың бірі – 58 дереккөзді біріктіретін және халықаралық жүктерді бүкіл маршрут бойынша қадағалауды қамтамасыз ететін Smart Cargo платформасы. «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тасымалдың цифрлық паспорты іске қосылды. Қағаз талонның орнына бірыңғай QR-код қолданылады. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам паспорт рәсімделді. Жүк өткізу жылдамдығы 30%-ға артты.
« “Нұр Жолы – Қорғас” бағытында кезекті күту уақыты 10 есеге қысқарды. Бұрын 30 күн болса, қазір 3 күн. Келесі қадам, Әзербайжан мен Ресей платформаларымен интеграция жасау»,
— деді министр.
Сонымен қатар көлік саласындағы шешімдерді біріктіретін бірыңғай цифрлық орта – e-Kөлік жүйесі дамытылып келеді. Оның жұмысы үшін Smart Data Transport деректер базасы құрылып, оған қазірдің өзінде 9 деректер көзі қосылды. Алдағы уақытта олардың санын 40-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көлік желісіне 100% мониторинг жүргізу қамтамасыз етіледі.
Цифрландыру мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылына да енгізілуде. Азаматтардың өтініштері жасанды интеллект көмегімен өңделіп, оларды қарау мерзімі 15 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Мақсатты көрсеткіш – бұл мерзімді 1 күнге дейін қысқарту.