Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды
Алматыда пневматикалық қару және пышақтар тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында пневматикалық және суық қаруды заңсыз сату дерегін анықтап, оның жолын кесті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан пневматикалық қарулар мен суық қару түрлері тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полицияның мәліметінше, бұл — бір реттік жағдай емес. Қару-жарақтың заңсыз айналым арналары интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жүйелі түрде анықталып, жолы кесілуде.
Бұл бағыттағы жұмыста аудандық полиция басқармаларының рөлі ерекше. Қызметкерлер күн сайын мекенжайлар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп, жедел іс-шараларды ұйымдастыру арқылы тыйым салынған заттардың заңсыз айналымын анықтау және оның алдын алу бағытында жұмыс атқарып жатыр.
Жыл басынан бері аудандық полиция бөлімшелері жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 619 тыйым салынған зат тәркіленіп, барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
- Әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатын заңсыз қару саудасы қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Мұндай құқық бұзушылықтардың әрқайсысы ауыр қылмыстардың жасалу қаупін арттырады. Алматы полициясы интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстап, жедел әрекет етуде. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да күшейтіледі, — деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Полиция азаматтарға қаруды заңсыз сақтау мен өткізудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Оқи отырыңыз: Елордада жаңа патрульдеу тәсілі іске қосылды