Қазіргі кезде ең көп таралған бірнеше алаяқтық тәсілдері бар
Соңғы уақытта егде жастағы азаматтар алаяқтардың құрбанына жиі айналуда. Қаскөйлер өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен азаматтардың ақшасы мен жеке мәліметтеріне қол жеткізуге тырысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Ішкі істер министрлігінің баспвсөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі кезде ең көп таралған бірнеше алаяқтық тәсілдері бар.
Алаяқтар банк шотынан ақша ұрланғалы жатқанын айтып, қаражатты шұғыл түрде "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді. Ол үшін сілтемелер жіберіп немесе арнайы қосымша орнатуды сұрайды.
"Қауіпсіздік жүйесін жаңарту" деген сылтаумен белгісіз бағдарламаларды жүктеуді ұсынады. Мұндай қосымшалар орнатылғаннан кейін алаяқтар банк деректеріне толық қол жеткізе алады.
"Кей жағдайда қаскөйлер өздерін коммуналдық қызмет немесе зейнетақы ұйымдарының қызметкері ретінде таныстырып, төлемдерді қайта есептеу немесе есептегіштерді тексеру сылтауымен SMS-кодтар мен жеке мәліметтерді сұрайды.
Сонымен қатар алаяқтар эмоцияға қысым жасау тәсілін де қолданады. Олар туысыңыз қиын жағдайға тап болғанын айтып, шұғыл ақша аударуды талап етеді", - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, қазіргі технологияларды пайдаланып, жақын адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасап, сенімге кіруге тырысады. Мұндай жағдайда ақпаратты міндетті түрде қайта тексеру қажет.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
Сабыр сақтап, асығыс шешім қабылдамаңыз.
Банкпен немесе мемлекеттік органдармен тек ресми нөмірлер арқылы байланысыңыз.
Банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, құпиясөздер мен ПИН-кодтарды ешкімге айтпаңыз.
Белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз және күмәнді сілтемелерге өтпеңіз.
Күмән туған жағдайда міндетті түрде жақындарыңызбен ақылдасыңыз.
Полиция азаматтарды егде жастағы туыстарына алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін түсіндіріп, қауіпсіздік шараларын ескертуге шақырады.
Оқи отырыңыз: Президент кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойды