Зардап шеккен азамат дереу ауруханаға жеткізілді
Алматыда ер адамға шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қаласының Алмалы ауданында полиция қызметкерлері автокөлікті қайта сату мәмілесіне байланысты туындаған жанжал барысында жасалған қарақшылық шабуылды жедел түрде ашты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі азамат автокөлікке қатысты мәміле шарттарын талқылау үшін кездескен.
Келіссөз барысында олардың арасында жанжал туындап, соңы заңға қайшы әрекетке ұласқан. Күдікті қарсы тараптың банк картасында қомақты қаражат бар екенін біле отырып, оған пышақ жарақатын салған. Одан кейін жәбірленушінің автокөлігін иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Зардап шеккен азамат дереу ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап қала аумағында “Ұстау” арнайы жоспары енгізілді. Барлық патрульдік жасақтарға күдіктіні анықтау және ұстау, сондай-ақ ұрланған көлікті іздестіру бойынша бағыттама берілді.
Полицейлердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде күдіктінің жүрген жері қысқа мерзімде анықталып, Райымбек даңғылының бойында ұсталды. Одан іске қатысты заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан бұл қылмыстың ашылуында полиция бөлімшелерінің жедел іс-қимылы мен өзара үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарғанын атап өтті.
— Хабарлама келіп түскен бойда барлық бөлімшелерге тиісті тапсырмалар берілді. “Ұстау” жоспарының енгізілуі және патрульдік жасақтардың кәсіби жұмысының арқасында күдікті санаулы минуттар ішінде анықталып, қолға түсті. Мұндай қылмыстар әрдайым ерекше бақылауда болады, — деді Мақсат Пшан.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы жалпықалалық сенбілікке 7 мыңнан астам адам қатысты