Полиция немесе банктен қоңырау шалу: мамандар алаяқтардың алдау тәсілдерін түсіндірді

Медеу ауданында былтыр 232 алаяқтық фактісі тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда интернет алаяқтық өршіп тұр. Медеу ауданында былтыр 232 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Құқық қорғау қызметкерлерінің сөзінше, бүгінде айлакерлер түрлі тәсілдерді қолданып, оңай олжаға кенелетін болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Алматы қаласының тұрғыны Әлішер Садық былтыр қаражатын көбейту мақсатында инвестициялық сайтқа тіркеліп, ақша құйған. Алғашында аз ғана сома салып, 1 жарым есеге жуық қаражат қайтарып алған. Кейін жоғары табысқа ие боламын деген оймен қыруар қаржы салыпты. Біраз уақыт өткеннен кейін өзін банктің ресми өкілімін деп таныстырған әлдекім жиналған соманы шешіп алуды, бірақ ол үшін алдымен белгілі бір соманы төлеу керек екенін  айтқан. Олжалы болдым деп қуанған ер адам бірден ақша жіберген. Ал бірер сәттен кейін сайт мүлдем істен шыққан.  

«Сайттар арқылы ақша құя бердім, құя бердім. Одан кейін маған алаяқтар ақшаның барлығы Англияда және сол мемлекеттегі банктің ішінде деп айтты. Сол жерден менің үйіме дейін инкасаторлық топ арқылы ақша жетеді деп тағы да ақша алды. Соның барлығын қосқанда 25 миллион теңге кетті. Алматы қаласының құқық қорғау органдары көмектесіп, ақшамды 1 жылдың ішінде қайтарып алдым», – деді жәбірленуші Әлішер Садық.

Медеу ауданы прокурорларының сөзінше, алаяқтықтың ең көп таралған түрі – полициядан немесе банктен қоңырау шалу. Яғни, айлакерлер өздерін тәртіп сақшысы немесе қаржы ұйымының қызметкері ретінде таныстырады. Тіпті ойдағысын іске асыру үшін жасанды интеллектіні де пайдаланады. Сондықтан мамандар танымайтын нөмірден түскен қоңырауды мүлде қабылдамауға және әлеуметтік желідегі жарнамаға сенбеуге шақырды.

 «2024 жылы ауданда 164 алаяқтық фактісі тіркелген. Ал былтыр бұл сан 232-ге жетті. Қылмыстардың көбін аштық. Мәселен, былтыр белгісіз тұлғалар мемлекеттік органдардың қызметкерлері болып танысып, қала тұрғынының сеніміне кіріп, оған өз пәтерін сатуға кеңес беріп, кейіннен 25 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденген. Біз бірден ұрланған қаражатты қайтаруға жұмыс істедік. Нәтижесінде қылмысты жасағандар анықталып, жазаға тартылды. Жәбірленушіге ақшасы қайтарылды», – деді Медеу ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Адлан Исмаилханов.

Айта кетейік, Медеу аудандық прокуратурасы алаяқтықтың алдын алу мақсатында түрлі шараларды қолға алған. Мысалы, былтыр прокурорлар ай сайын қаладағы жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарына барып, кездесу өткізген. Дәл осы бағыттағы роликтер түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Биыл да жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.  

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда жалған түбіртектермен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

 

Новости партнеров