Полициядан қашқан көлік апатқа ұшырап, екі адам көз жұмды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау қаласында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болып, екі адам көз жұмды. Тағы бір жолаушы медициналық көмек алғаннан кейін үйіне жіберілді. Қайғылы жағдай Тайманов пен Берғалиев көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Almaty TV.

Алдын ала мәлімет бойынша, таңғы уақытта полиция қызметкерлерінен қашып келе жатқан Volkswagen Polo автокөлігі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, «Газель» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан жеңіл көлік қатты зақымданған.

Атырау облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы Асылай Жұмажанованың мәліметінше, апат салдарынан Volkswagen Polo жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар жинақталып жатыр.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтап жатыр. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік жүргізу кезінде жылдамдықты асырмауға шақырады.