Үстеме ақы атымен жоқ: Оралдағы ақ халаттылар еңбек ақысының уақытылы төлебейтініне наразы

22.11.2024 20:21

Облыс бойынша жұқпалы ауруларды емдейтін орталықтың қызметкерлері шағым айтты

Оралдағы аурухананың бірінде жанжал шықты. Облыс бойынша жұқпалы ауруларды емдейтін орталықтың қызметкерлері жалақының уақытылы түспейтінін, ал еңбек демалысының қаражаты мүлде берілмейтінін айтып, шағымын арнамызға жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оралдағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері ереуілге шықпақ болған. Алайда ойын айтуға жиналғандардың саны кенет азайып қалған. Себебі көпшілігі «жұмыстан мүлдем айырылып қаламыз ба?» деп қорқып, кері шегінген. Сала мамандарының айтары бір. Олар жалақыны кешіктірмей беруін сұрайды. Ақ халаттылардың сөзінше, қызметкерлердің еңбек ақысын алмағанына 2 айдың жүзі болған. 

"Медициналық мекеменің бәрінде әр айдың 25-28-і аралығындажалақы беріледі. Ал бізде 25 қазанда берілетін еңбекақыны 10 қарашада алдық, ақшамыздың жартысын берді", – деді Жұқпалы аурулар ауруханасы оңалту бөлімінің медбикесі Ақгүл Бұқарова.

Қызметкерлердің айтуынша, жалақының тұрақсыздығына қатысты мәселе аурухананың әр бөлімінде байқалған. Медбикелер болса, қазанның қаражаты былай тұрсын, үстеме ақының да төленбегенін айтты.

"Қосымша жұмысқа кеткен уақыт 156 сағаттан асады. Үстеме ақы деген атымен жоқ. Медици саласында жүргеніме 12 жыл болды, 10 жыл басқа жерде жұмыс істедім, ол жақта бәрі уақытылы төленетін. Бұл жақта жағдай басқаша, өзің барып сұрауың керек. Еңбек демалысына шықтым, ол үшін ақы берілмеді", – деді Жұқпалы аурулар ауруханасы оңалту бөлімінің медбикесі Каролина Мальченко.

Аурухана директоры орынбасарының міндетін атқарушы болса, қызметкерлердің алдындағы берешекті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан түсетін қаражаттың болмауымен байланыстырып отыр.

"Қаңтардан бастап қаржыландыру кешіктіріліп жатыр. Кейде бір айға, тіпті 3 айға ұстап қалады. Біз бар қаражатты пайдаланып, қазандағы жалақының бір бөлігін төледік. Сол себепті барлығы кешігіп жатыр", – деді Жұқпалы аурулар ауруханасы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Төлеби Бегеев.

Пікір алмасуға аурухана басшысы да қосылды.

"Қарыз бар екенін жасырмаймын. Бүгін сөйлестік. Ертең сенбі, дүйсенбі қаражат түседі. Қаржының жеткеніне қарай, қазанда жалақыны авансалдын ала төлем түрінде бердік. Бірі алып, бірі қалып қалмауы үшін, бөлдік. Алдағы уақытта толық береміз", – деді Жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова.

Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына хабарласып көрдік, дегенмен әзірге жауап ала алмадық. Ал аурухана қызметкерлері басшылықтың берген уәдесі орындалып, еңбек ақы мәселесі толықтай шешілетініне сенеді. Себебі көпшілігі сол қаражатқа отбасын асырап отыр. 

Рүстем Айткәрім, Ринат Шарипов, БҚО

Оқи отырыңыз: Ауыз су сапасы: Алматыдағы зертхананаларда тіршілік нәрінің құрамы қалай тексеріледі