Президент ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізудің маңызын айтты
«Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 млрд теңге бөлінді
Ауыл кәсіпкерлігін дамыту үшін цифрлық сауда алаңдарының, банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерін ауыл тұрғындары мен шаруаларға қолжетімді ету қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге бөлініп, соның нәтижесінде ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Алайда Мемлекет басшысы бұл жұмыс орындарының қазіргі уақытта сақталған-сақталмағанын анықтау қажеттігін атап өтті.
– Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек. Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізудің маңызын айтты. Ол Солтүстік Қазақстандағы «Ақселеу» шаруашылығын мысалға келтірді.
Аталған шаруашылықта өндірісті цифрлық басқару, жер серігі арқылы бақылау жүйелері енгізіліп, есеп жүргізу автоматтандырылған. Кәсіпорын ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да үлес қосып келеді. Атап айтқанда, тұрғындар орталықтан жылыту жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Шаруашылық мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға қолдау көрсетеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға да ықпал етеді.
Сондықтан Президент басқа да шаруа қожалықтарын осындай цифрлық мүмкіндіктерді өз өңірлерінде пайдалануға шақырды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда биыл 24,5 млн тонна астық жиналды – Президент