Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатты атады

24.09.2026 11:39
Акорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесін құру идеясына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, қоғамның ұсыныс-пікірлерін сараптайтын арнайы институт құру бұрыннан жоспарланған.

«Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім.

Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым.

«Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық.

Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және Ұлттық Құрылтай секілді консультативтік-кеңесші органдар елдік мәселелерді шешуге үлес қосқанын айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, Ұлттық құрылтай аясында көтерілген бастамалардың нәтижесінде 26 заң қабылданып, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық диалогті одан әрі дамыту қажеттігіне де назар аударды. Президент Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы негізгі мақсат қоғамның түрлі топтарын ортақ мүддеге жұмылдыру екенін атап өтті.

«Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы.

Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті.

Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті», – деді Президент.

Толық көрсету