Президент Құрылтай депутаттарына қандай міндет жүктелетінін айтты

23.08.2026 14:10

Мемлекет басшысы сайлаудан кейінгі өзгерістер туралы айтты

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, жуырда Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәйкес, Сіздің Мемлекет басшысы ретінде Президент лауазымына қайта сайлануға құқығыңыз бар екен. Бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе?  

– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін.

– Құрылтай іске кіріскеннен кейінгі өзгерістерге тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай?

– Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ.

– Заңға сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатуға тиіс. Соған сай Министрлер кабинеті жасақталады. Жаңа Үкіметтің бағыт-бағдары мен міндеттері жөнінде не айтасыз?

– Жалпы, Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады.

– Сайлау науқанын жіті бақылаған боларсыз. Осы жолғы партиялар арасындағы саяси бәсекенің деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.

– Сіз Мемлекет басшысы ретінде жастарға сенім артып, оларға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жастар бар. Сіздің ойыңызша, олар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма?

– Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек.

Оқи отырыңыз: Президент Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді

Толық көрсету