Президент Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті

16.07.2026 14:05

Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық инвесторлармен ынтымақтастықты талқылады

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Президент қытайлық серіктестерге шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді.

– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салғанына тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.

– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік.

Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, қытай компаниялармен ірі газ-химия кешені, жүгеріні терең өңдеу зауыты, заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді, – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Астанада газ жарылысынан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді