Қазақстан Халық Кеңесі — баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт
Халық Кеңесі өкілдері жоғары саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Қазақстан Халық Кеңесі — баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт. Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан, Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Осы мәртебелі әрі беделді құрылымның табысты жұмысы сіздердің табанды еңбектеріңізге байланысты болмақ. Сіздер қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге жол ашатын игі істердің бастауында боласыздар. Әрине, жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл — үлкен құрмет және зор мүмкіндік. Сіздер, халықпен етене байланыс орнатып, жасампаз бастамалар көтеру арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне, тіпті, ел тағдырына ықпал ете аласыздар. Ең бастысы, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста Мемлекет басшысы Кеңес мүшелерінің назарын тағы бір мәселеге айрықша аудартты.
"Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет. Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады. Қоғамдық сенімді күшейтудің, яғни ұлттық бірегейлікті нығайтудың бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан, әр мәселеге тыңғылықты дайындықпен кірісу қажет. Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған. Бірақ, басты талап: кез келген сын шынайы болуға тиіс. Мәселені көтере отырып, оның шешімін де қатар ұсыну қажет. Кеңестің әр мүшесі қарапайым этика нормаларын қатаң ұстануы керек. Халық Кеңесі өкілдері жоғары саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс", — деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның қандай киелі нысандары ЮНЕСКО тізіміне енді