Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі міндеттерін атады

20.11.2026 15:06

Бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді  

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасының елдің барлық өңірін қамтитынын және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың табысын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент адал еңбек етіп, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың елдің дамуына үлес қосып жатқанын атап өтті.

– Қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз бар. Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы Жолдауда айтылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдегі ауқымды өзгерістердің біріне айналмақ. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салынады.

Атап айтқанда, емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары бой көтереді. Сонымен қатар сапалы жолдар төселіп, атом, су және электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады.

Президент мұндай ауқымды құрылыстың ел тарихында бұрын-соңды болмағанын атап өтті.

– «Халықтық құрылыс» халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ. Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның игілігін Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе өскелең ұрпақ көретінін айтты.

– Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Президент.

Осылай деген Президент «Халықтық құрылыс» келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет екеніне тоқталды.

«Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады. Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет. Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – «Құрылыс және тағы да құрылыс!».

Геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін. Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады», - деді Мемлекет басшысы..

Оқи отырыңыз: Қазақстанда биыл 24,5 млн тонна астық жиналды – Президент

Толық көрсету