Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық рәміздер ел бірлігінің символы екенін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді.
Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде сөз сөйлеп, қастерлі рәміздеріміз ұлт құндылықтарының жарқын символы екенін айтты.
«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз. Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды. Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді», - деді Мемлекет басшысы.
Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық нышандарымызды қадірлеу отаншылдық рухының ең биік өлшемі екеніне тоқталды.
«Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді. Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды. Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды. Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз», - дедңі Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қандай жаза қолданылады